Қазақстанның энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев сұйытылған газ бағасының өсу себебін халыққа дұрыс түсіндірмей, "жұмыста біршама олқылыққа жол бергенін" мойындады. Оның айтуынша, газ толығымен электронды сауда жолымен сатыла бастайтынын нарықтың қатысушылары білгенімен, тұтынушылар білмей қалған.
"Жасыратын несі бар, жұрт жанармай станциясындағы бағаны көргенде бір-ақ білді" деді министр 3 қаңтарда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Журналистер министрден сұйытылған газдың қымбаттауына наразы болып, екінші күн көшеде тұрған Жаңаөзен халқына неге бармағанын сұрады. Мырзағалиев "жанармай құю станциялары басшыларымен кездесіп, мәселені оңтайлы шешу жолдарын іздеу үшін" орынбасары сол аймаққа кеткенін айтты. "Шенеуніктер неге наразы жұртпен емес, тек жанармай станциялары иелерімен ғана кездеседі?" деген де сауал қойылды.
"Ел алдына шығып, халықпен сөйлесу үшін позицияны айқындап алу керек. Ал позицияны біз жанармай станциялары басшыларымен кездесуден соң ғана анықтадық, олар әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде өздері алатын маржаның бір бөлігінен бас тартуға келісті" деді Мырзағалиев.
Дүйсенбі күні билік газ бағасы 120-дан 85-90 теңгеге арзандайтынын хабарлады. Ал наразы жұрт бұрынғы баға – литріне 50 теңгені қайтаруды талап етеді. Журналистер министрден сол бағаға қайтып оралу мүмкін бе деп те сұрады.
"Қазір бұл мүмкін емес" деді Мағзұм Мырзағалиев.
Энергетика министрінің айтуынша, "бұл өнім өндірісінің ауқымын кеңейтуге инвестициялық қызығу аз, соның кесірінен тұтыну көлемі артқан сайын ішкі нарықта сұйытылған газ қат бола түсті", баға содан қымбаттаған.
Брифингке келген спикерлер "Еуропада баға өте жоғары екенін", Қазақстанда газ басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым арзан екенін айтты.
Азаттық тілшісі министрден: "Инфляция артқанымен, халықтың, яғни тұтынушының кірісі артып жатқан жоқ қой, тұтынушының төлем қабілеті зерттелді ме? Өндіруші мен тұтынушы арасындағы тізбекті саралағанда бұл мәселе неге қарастырылмайды?" деп сұрады.
Мырзағалиевтің орнына баспасөз мәслихатына энергетика министрлігі шақырған спикер, мұнай бойынша сарапшы Олжас Байділдинов жауап берді. Оның айтуынша, "отынның қолжетімдігі жөнінен Қазақстан өте жақсы деңгейде тұр".
"Ресейде жалақы көп көрінеді, бірақ орташа жалақы көлемі аясында отынды Ресейдегіден арзанға сатып ала аламыз. Баға литріне 20 теңгеге қымбаттайды деп қарастырайық. Отбасының орташа көлігі айына мың километр жүреді. Жүз километрге 10-12 литр жаққан жағдайда айына бір отбасына 14-15 мың теңге кетеді. Бұл көп ақша емес. Газды суды сұйытылған газдан қымбатқа алсақ, бұл газды судың қымбаттығын емес, сұйытылған отынның арзандығын білдіреді" деді Байділдинов.
Тілшілер спикерге газды судың әлеуметтік маңызды тауарға жатпайтынын ескертті.
— Адамдар бұл бағамен келіспесе, қоғамдық көлікпен жүрсін. Мұнда не проблема бар? — деді Байділдинов.
Жаңаөзенде сұйытылған автокөлік газ бағасының 120 теңгеге дейін өсуіне қарсы халық наразылығы 2 қаңтарда басталған. Оны қолдап газ бағасын төмендетіп, газ тапшылығы мен кезегін болдырмауды талап еткен митингілер легі Қарақия ауданының Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында, Маңғыстау ауданының Шебір елді мекенінде, Бейнеу ауданында жалғасты. Қарақия ауданындағы Құрық ауылының тұрғындары ауданға кіретін жолды жапты. Кешке қарай басқа елдерден келген түрік фуралары портқа өте алмай тұрғаны айтылды.
Маңғыстаудағы газ бағасының өсуіне наразылықты Қазақстанның өзге өңірдері де қолдаған. 3 қаңтарда Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал қалаларында ондаған адамды полиция ұстап алып кетті.
ПІКІРЛЕР