Accessibility links

Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы ел жолды жапты, оларды басқа өңірлерде де жұрт қолдады


Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.
Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.

2 қаңтарда Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразы жүздеген адам әкімдік алдына жиналып, қала орталығындағы жолды жауып, биліктен газ бағасын түсіруді талап еткен. Бұл туралы Азаттыққа Жаңаөзеннен хабарласқан азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлы айтты. Оның сөзінше, қалада сұйытылған көлік газы 31 желтоқсанда 100 теңгеге, ал 1 қаңтарда 120 теңгеге көтерілген.

– Былтыр пандемия кезінде 38 теңге болған газ кейін 50 теңге, содан соң 79-80 теңгеге көтерілді. Қаладағы газ сататын стансаларда көліктер тәуліктеп кезекте тұрғанымен газ жоқ. Ал міне 120 теңгеге көтерілгенде барлық стансада газ пайда болды, кезек те жойылды. Бірақ оны сатып алу мүмкін емес, елдің қалтасы көтермейді, - дейді жаңаөзендік белсенді.

Серік Бақтыбайұлының айтуынша, газ бағасын төмендетуді талап еткен жүздеген адам көшеге шыққан. Арасында такси жүргізушілері мен көлігі жоқ адамдар да бар.

– Көлігі жоқ адамдар да келіп тұр. Өйткені олар газдың қымбаттауы ертең басқа да маңызды тұтыну тауарлары мен азық-түліктің қымбаттауына әкеледі деп санайды, – дейді Серік Бақтыбайұлы.

Серік Бақтыбайұлы Жаңаөзендегі наразылықты Facebook’тегі парақшасында видеоға түсіріп тұрды. Жиналғандар Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жасап, тез арада газ бағасын 50 теңгеге түсіруді және газ тапшылығын болдырмауды талап етті.

– Газ өзімізден шығады. Ол жерде көбіміздің ағайын-туысымыз жұмыс істейді. Солар өндіріп отырған газдың бізге жетпеуі ақылға сыймайды. Алдымен өзімізді қамтамасыз етпей газды басқа жаққа, Ресейге шығармасын. Газ бағасы елдің жалақысына сай болсын. Бағасын 50 теңгеден асырмасын. "Жаңаөзен – бай қала" деген бос әңгіме. Азғантай топ қана мұнай саласында жұмыс істейді, – деді қала тұрғындарының бірі.

Жиналғандар өздері қойған талапты тез орындауды талап етіп, әкімдік орналасқан орталық көшені жапты. Видеода тұрғындардың ешқайда тарамайтыны, облыс билігі мәселені шеше алмаса Нұр-Сұлтаннан энергетика министрлігінен адам келуін талап еткені көрсетілген. Олар "Алға, Қазақстан!" деп айқайлап, биліктен газ бағасын төмендетіп, елдің жағдайына назар аударуды сұрады.

Наразы жұртқа Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов келді. Оның сөзінше, қала әкімі Мақсат Ибағаров қазір кезекті еңбек демалысында.

– Талапты қағазға түсіріп беріңдер, оны жоғары жаққа жеткіземін, – деді Ғалым Байжанов наразы халыққа.

Жиналғандар бұған дейін де ондай қағазды бірнеше жыл бойы жазып, жолдап келе жатқанын, сондықтан ешнәрсе жазбайтынын және талабы орындалмайынша тарамайтынын айтты.

Қаланың орталық бөлігінде интернет байланысы істемей қалғаны жайлы хабар тарады.

Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.
Қала әкімдігі алдына жиналып, газ бағасын түсіруді талап етіп тұрған адамдар. Жаңаөзен, 2 қаңтар 2022 ж. Азаттыққа белсенді Алма Қарашаева жолдаған фото.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қаласы әкімдігіне хабарласты.

– Қазір бұл туралы ешқандай комментарий бере алмаймын. Газ бағасын реттеу әкімдіктің құзырында емес. Біз тек мониторинг жасап, қарап отырмыз жағдайды. Жолды жауып тастап тұр, өзіңіз көріп отырсыз ғой, – деді Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов.

2 қаңтар таңертең басталған Жаңаөзендегі халық наразылығы әлі жалғасып жатыр. Түстен кейін Маңғыстау өңірінің өзге аудандарында да жұртшылық оларға қолдау білдірген. Қарақия ауданындағы Жетібай кенті мен Құрық ауылында, Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұрғындар жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімдеріне видеоүндеу жолдады. Онда тұрғындарға сатылатын сұйытылған газ бағасын 50-60 теңгеден асырмауды талап еткен.

Атыраулық белсенді Макс Боқаев жексенбі күні Атыраудағы Исатай мен Махамбет алаңына шығып, жаңаөзендіктер талабын қолдаған. 2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсылық білдіріп, наразылық жиынын өткізгеннен кейін 5 жылға сотталған, былтыр ақпанда түрмеден бостандыққа шыққан бұрынғы саяси тұтқын Боқаев Жаңаөзен тұрғындары негізі бар заңды талап қойып отыр деп біледі. Оның сөзінше, Қазақстанның табиғи қазба байлығы мол батыс өңіріндегі тұрғындардың көбінің мұнай-газ саласында жұмыс істемейтіндіктен табысы аз, сондықтан газдың қымбаттауы қарапайым халыққа қатты білінеді.

Маңғыстау тұрғындарының газ бағасын төмендетуді талап етіп жиналғаны алғаш рет емес. 2020 жылғы қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге өскен. Сол жолы да тұрғындар қала әкімдігіне жиналып, газ бағасын 55 теңгеге түсіруді талап еткен. Кейін қала әкімі Мақсат Ибағаров Жаңаөзенде газ 55 теңгеден сатылады деп уәде беріп, 52 кәсіпкермен сөйлескенін айтқан.

Жаңаөзенде сұйытылған газ өндіретін жалғыз компания – Қазақ газ өңдеу зауыты бар. Он жыл бұрын облыста газ бағасы 30–35 теңге болатын. 2011 жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың жеті айға жалғасқан ереуілін 16 желтоқсанда полиция оқ атып (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқа) таратқан Жаңаөзен қаласында одан бері газ бірнеше рет қымбаттаған.

Жергілікті билік халыққа газ бағасының жиі құбылуының себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірде Қазақ газ өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысына сілтесе, енді бірде газ бағасын энергетика министрлігі бекітетінін айтқан. Ал зауыт басшылығы министрлік бекіткен газ бағасын зауыт электронды сауда алаңына шығарып пайда табуы керектігін көлденең тартады.

БИЛІКТІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?

Оқиғаға байланысты облыс әкімдігі мен Қазақстанның энергетика министрлігі түсініктеме берді. Билік өңірдегі көліктердің ауқымды бөлігі отын ретінде пайдаланатын газ нарықта қалыптасқан жағдайға және сұраныстың көбеюіне байланысты қымбаттады деп түсіндірді.

Министрліктің мәлімдеуінше, елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып отырады, ал өндіріс көлемін өткен жылдардағыдан өзгермеген. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газ толықтай тауар биржасы арқылы сатылады, "электрон сауда-саттыққа көшу сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып теңгерімді баға қоюға мүмкіндік береді", ол өндіріс қуатын арттыруға қажет инвестиция тартуға септеседі дейді министрлік.

"Нарық механизмдері бәсекелестікті дамытуға оң әсер етеді. Электрон сауда-саттыққа көшкенге дейін сұйытылған газ өзіндік құнынан арзан бағамен сатылғандықтан өндірушілер шығын шегіп келді" дейді министрлік.

Маңғыстау облыстық әкімдігі өңірдегі газ өндіретін жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты ай сайын шығаратын 14,5 мың тонна газ аймақтағы сұранысты толық өтей алмайтынын, сол себепті 3,5 мың тонна газ облыстан тыс жерден жеткізілетінін айтты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың сөзінше, 1973 жылдан бері жұмыс істеп тұрған зауыттың құрал-жабдығының тозуы 90 пайызға жеткен.

"Егер шұғыл шара қабылданбаса, болашақта зауыт тоқтап, тиісінше, сұйытылған газ қат болуы мүмкін. Жаңа зауыт салу жоспары бар, оны іске асыру үшін тиісті шаралар атқарылуы тиіс, солардың бірі – сұйытылған газ нарықтағы сұранысқа сай бағамен сатылуы керек" дейді Қартбаев. Оның сөзінше, Маңғыстау облысында бөлшек саудада бір литр сұйытылған газды орташа есеппен 95-115 теңге атеңге ралығында сатылады.

"Бұрынғы 60 теңге деген баға қайтып келмейді, өйткені қазір биржада тасымал және кәсіпкер шығынын есептемегенде газдың литрі 70-85 теңге тұрады. Тұтастай алғанда газ бағасын сұраныс пен ұсынысқа сәйкес етіп нарықтың өзі белгілейді. Әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды, өйткен бұл бәсеке бар ортаға тиесілі тауар" дейді Қартбаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG