Accessibility links

«Халықтың қалтасына салмақ салады». Жаңаөзендіктер газ бағасының өскеніне наразы


Жаңаөзендіктер газ бағасының қымбаттағанына наразы болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

Қаңтардың 6-сы күні Жаңаөзенде тұрғындары мен кәсіпкерлер сұйытылған газ бағасының литрі 53-55 теңгеден 63-65 теңгеге қымбаттағанына наразы болып, қала әкімдігіне жиналды. Олар биліктен газ құнының күрт көтерілу себебін түсіндіруді талап етті. Жұрт наразылығынан кейін қала әкімі газ бағасын қалпына келетінін айтып, уәде берді.

Жаңаөзендегі газ бағасы жиі құбылады. Жаңа жылдан бастап баға 20 пайызға өскен. Жергілікті билік бұған дейін қымбатшылықты әртүрлі түсіндіріп келді. Біресе «Кедендік одақ шарттарымен газ Ресейге сатылып жатқандықтан тапшылық туындады» десе, енді бірде «аймақты газбен қамтамасыз ететін жалғыз зауыт «Қазақ газ өңдеу зауытында» жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан баға өсті» деді. Бірақ қаңтардың 6-сы күні әкімдікке келгендер әкімдік уәжімен келіспейді. Олар «зауыт пен ортадағы делдалдардың салдарынан газ бағасы өсіп отыр» деп санайды. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы газ саудасында ашықтыққа қол жеткізу үшін электронды сауда алаңдары жұмыс істеп жатқанын алға тартады.

«МАМИН МЕН НОҒАЕВ ХАЛЫҚТАН ҮЛКЕН ЕМЕС ШЫҒАР»

Наразы топпен Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров, Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Бердібек Қартбаев пен «Қазақ газ өңдеу зауыты» компаниясының директоры Нақберген Түлепов кездесті.

Жиналғандардың атынан сөз алған қала тұрғыны Нұрлыбек Нұрғалиев газ бағасының 55 теңгеден 65 теңгеге өсуі халықтың қалтасына салмақ салып отырғанын айтты.

Газ бағасының көтерілуі күнін әрең көріп отырған елдің ашу-ызасын тудырып отыр. Бұл мәселені әкімдер шеше алмайтын болғандықтан премьер-министр Асқар Мамин мен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың Жаңаөзенге келуін талап етеміз.


- Газды ортада сатып отырған делдалдар ауадан ақша жасап отыр. Газ бағасының көтерілуі күнін әрең көріп отырған елдің ашу-ызасын тудырып отыр. Бұл мәселені әкімдер шеше алмайтын болғандықтан премьер-министр Асқар Мамин мен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың Жаңаөзенге келуін талап етеміз. Халықтан үлкен емес шығар, - деді Нұрлыбек Нұрғалиев.

Оның сөзін жиналғандар да қоштап, газ бағасын тұрақтандыратын уақыт жетті деп санайтындарын айтты. Ал мұнайшы Естай Қарашаев «Қазақ газ өңдеу зауытының» директорынан газды делдалдар қалай сатып алып отырғанын түсіндіріп беруді сұрады.

- Газ өзімізден шығады, бір километр жерден. Бірақ ол Ақтауда 55 теңге, неге бізге келгенде 65 теңге? Экологияның жағдайы мынау, 40 жастағы адамдардың ұйқысынан тұрмай қалып жатқанын білесіздер, - деді ол.

«Қазақ газ өңдеу зауытының» директоры Нақберген Түлепов жиналғандармен кездесуде өндірілген газ электронды сауда алаңында сатылғанға дейін бірнеше делдал арқылы жеткізіліп келгенін айтты. Ал электронды сауда алаңына шығарылған газды кез келген жеке кәсіпкер сатып алып, қайта сатылымға шығарады.

Әңгімеге араласқан Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй шараушылығы басқармасы бастығының орынбасары Бердібек Қартбаев газ бағасының көтерілуіне кәсіпкерлерді айыптап, «олар бағаны бұрмалайды» десті.

- Газ бағасын энергетика министрлігі бекітеді. Одан кейінгі баға – ол бәсекелестік ортаның бағасы. Зауыт өнімін электронды сату алаңы арқылы сатып пайда көруі тиіс, оның да шығындары бар, - деді ол.

Бердібек Қартбаевтың айтуынша, сұйытылған газ тұтынушыға жеткенше араласатын бірнеше топ бар: газ өндіретін зауыт, оны сататын газ желі ұйымдары және жеке кәсіпкер.

Түлепов пен Қартбаевтың сөзі әкімдікке келген кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Жиналғандар шенеуніктердің айтқан уәждерінің бірде-біріне қанағаттанбады. Олар премьер-министр Асқар Мамин мен энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтан 10 қаңтардан қалтырмай мәселені шешуді талап ететіндерін айтып, әкімдікке хат тапсырып тарқасты.

«ГАЗ 55 ТЕҢГЕДЕН САТЫЛАТЫН БОЛАДЫ»

Қаңтардың 6-сы күні кешке қарай Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров Instagram парақшасына газ мәселесі бойынша жеке кәсіпкерлермен кездескенін жазып, қалаға бөлінген газды 55 теңгеден сату туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

«Бірнеше жеке кәсіпкер сұйытылған газды электронды сауда алаңы арқылы сатып алғаны анықталып, бұл кәсіпкерлерге сатып алынған газдың көлемі біткенше 57 теңгеден сатуға рұқсат берілді. Сатып алынған газ біткен соң кестеге сай 55 тенгеден сатылатын болады. «Қазақ газ өңдеу зауыты» басшысына сұйытылған газды кәсіпкерлерге кестеге сай үлестіруге, жеке кәсіпкерлердің әрқайсысына қосымша 10 тонна газ беруге тапсырма берілді» деп жазды әкім.

Бірақ тұрғындар бұл уәдеге де күмәнмен қарайды.

- Ол тек уақытша солай болады, содан соң бәрі қайта басталады. Оданда шақырған лауазымдылар [премьер-министр Мамин мен энергетика министрі Ноғаев] келсін, нүктені бірге қояйық, - деді аты-жөнін айтпаған Жаңаөзен тұрғыны.

Маңғыстау облысында сұйытылған газдың жалғыз өндірушісі - 1973 жылы салынған «Қазақ газ өңдеу зауыты». Зауыт ай сайын 14-14,5 мың тонна газ өндіреді. Аймақта газға сұраныс – 17 мың тонна. Энергетика министрлігі жетпеген газ көлемін «Ақтөбемұнайгаз-СНПС» акционерлік қоғамы есебінен жауып келеді. Бірақ іс жүзінде бәрі жеткілікті көрінгенімен, газдың бағасы бірнеше жылдан бері тұрақталмай келеді. 2011 жылдары аймақта газ бағасы 30-35 теңге болатын. Одан кейін де Жаңаөзенде газ бағасы бірнеше рет өскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG