Accessibility links

Ақтөбеде наразылар полиция шебін бұзып, әкімдікке қарай өтті


Полиция қоршауын бұзып, әкімдікке өтпек болған наразылар. 4 қаңтар 2022 жыл.
Полиция қоршауын бұзып, әкімдікке өтпек болған наразылар. 4 қаңтар 2022 жыл.

Ақтөбеде 312 атқыштар дивизиясы даңғылына жиналған жүргізушілер түстен кейін полиция шебін екі жерден бұзып, облыс әкімдігіне қарай өтті. Бұл жөнінде Азаттық тілшісі хабарлады.

Мұнда 4 қаңтарда халық екі жерге жиналған еді: бірі – облыс әкімдігі, екіншісі – 312 атқыштар дивизиясы даңғылы. Басты талаптары - газдың бағасын 50 теңгеге дейін түсіру және Назарбаев "отставкасы".

Бастапқыда полиция әкімдікке барғысы келген 312 атқыштар дивизиясы даңғылына жиналған автогаз тұтынушыларына кедергі келтіріп, жолды жапқан. Мұнан соң жүргізушілер көліктерін тастап, наразылыққа жаяу шықты. Олар полиция шебін бұзып, әкімдікке қарай өткен. Шамамен екі шақырым жүрген жүргізушілер жолшыбай халықты наразылыққа қосылыңдар деп үндеді. Кешке қарай наразылар бір жерге топтаса алған.

Жиналған топ сейсенбі күні кешке де тарамай тұрды.

Сейсенбі күні күндіз полиция әкімдік маңынан елу шақты адамды ұстап әкеткен еді. Аумақта интернет бұғатталды.

2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында тұрғындар газдың екі есе қымбаттауына қарсы шыққан. Наразылықты Қазақстанның өзге өңірлері қолдады.

Соңғы ақпаратқа қарағанда, оларды қолдау акциялары Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Тараз, Қостанай, Орал, Атырау, Қарағанды және өзге қалаларда өткен. Оларды қолдаған белсенділердің біразы ұсталды.

Атырау облысы Теңіз кенішінде жұмысшылардың жұмысты тоқтатып, Жаңаөзенді қолдағаны хабарланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG