Accessibility links

Нұр-Сұлтан полициясы Азаттық тілшісі Дархан Өмірбекті 4,5 сағат себепсіз ұстап, босатты


Азаттық редакторы Дархан Өмірбек астанадағы Алматы аудандық полиция басқармасынан шығып тұр. 4 қаңтар, 2022 жыл.
Азаттық редакторы Дархан Өмірбек астанадағы Алматы аудандық полиция басқармасынан шығып тұр. 4 қаңтар, 2022 жыл.

Нұр-Сұлтанның Алматы аудандық полиция басқармасы Азаттық тілшісі Дархан Өмірбекті 4,5 сағат қамауда ұстап, босатты. Полиция оны 4 қаңтарда "Әсем" базары маңында наразылықтан хабар таратып жүрген жерінен жергілікті уақытпен сағат 21.30-да ұстап, автозакпен полиция бөліміне алып барған. Оны тек түнгі 2-лер шамасында ғана босатты.

Өмірбектің адвокаты Әсел Тоқаева Алматы аудандық полиция басқармасында екі сағаттан бері отырды. Полицейлер оны журналиспен кездесуге жібермеді. Адвокаттың айтуынша, есік алдында отырған полиция қызметкерлері оған "куәгер" статусы бар Дархан Өмірбекпен прокурор мен аудан әкімі "кәсіби әңгіме" өткізіп жатқанын айтқан. "Сержанттар өздерін үлкен бастық сияқты ұстайды, дөрекі сөйлеседі" дейді Әсел Тоқаева.

Адвокаттың айтуынша, кәсіби жұмысын атқарып жүрген жерінен ұсталған Дархан Өмірбектің журналистік құқығы ғана емес, қорғану құқығы бұзылған.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосының президенті Джейми Флай полицияда қамауда отырған Дархан Өмірбекті босатуды талап етіп мәлімдеме жасады: "Азат Еуропа/ Азаттық радиосының Қазақстандағы журналистері азаматтардың талаптары туралы хабар тарату арқылы қоғамға қызмет етіп жүр. Қазақстан үкіметі Дархан Өмірбекті және ұсталған басқа журналистерді тез арада босатуы тиіс. Журналистердің тек өз жұмысын істегені үшін қамалуы ақылға сыймайды" делінген мәлімдемеде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG