Accessibility links

"Әкімдіктен бірде-бір адам келген жоқ". Алматыда жүздеген наразы орталыққа бет алды


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

5 қаңтарда түске қарай Алматыда Төле би көшесінің бойында жүздеген наразы шерулетіп, әкімдік орналасқан орталыққа қарай бет алды. Олар 4 қаңтарда "полиция көлігі басып кетіп", қайтыс болған адамның мәйітін қайтаруды және жергілікті әкімдік өкілдерінің келуін талап етті.

– Біз бейбіт митингіге шыққан едік. Ешкімге күш көрсеткен жоқпыз. Керісінше олар бізге күш қолданды. Сол себепті осындай оқиғалар болып жатыр, – деді наразылардың бірі Азаттық тілшісіне.

Олар биліктің диалог орнатпай, тек күш қолданып қана отырғанына наразы.

– Бізге әкімдіктен бірде-бір адам келіп сөйлескен жоқ. Бізге тек күш көрсетіп жатыр. Маңғыстауда, Жаңаөзенде келіп жатыр. Ал бізге ешкім келген жоқ. Бізге дереу келсін, – деді наразылардың бірі.

Төле би көшесінің бір жағында көліктер жүріп жатыр. Көлік қозғалысы жартылай тоқтаған.

Алматы қалалық полиция департаменті "бір адам қаза болды" деген ақпаратты әзірге растамады. Полицияның баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек телефонын көтермеді. Кезекші бөліміндегі қызметкер "әзірге ондай ақпарат түспеді" деді.

Қалада интернет жылдамдығы әлі нашар. WhatsApp, Telegram сияқты негізгі әлеуметтік желілер істемей тұр.

2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылды. 4 қаңтарда Ақтау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Талдықорған, Тараз және өзге өңірлерде "Жаңаөзенді қолдаған" акциялар өтті. Алматы мен астанада, Оралда полиция мен наразылар қақтығысты.

Алматы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға төтенше жағдай жарияланды.

5 қаңтарда таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдаған.

Бастапқыда наразылар Батыс өңірі тұрғындарының басым бөлігі көлігіне пайдаланатын сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап еткен. Жаңа жылдан бастап отынның аталған түрі екі есеге қымбаттаған.

Наразылықтың үшінші күні билік газды 50 теңгеге дейін төмендетуге келісті, алайда наразылар саяси талаптар айта бастады. Олар президенттіктен кетсе де, саяси ықпалын сақталған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен "толық кетуін", саяси тұтқындарды босатуды, қымбатшылық пен жемқорлықты жоюды талап етті.

Қарай отырыңыз: Алатау театры алдында басталған дүрбелең (4-5 қаңтар 2022 жыл).

Алатау театры алдында басталған дүрбелең
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:35 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG