Accessibility links

ҰҚШҰ Қазақстанға әскер жібереді


Алматы көшесіндегі қазақстандық әскерилер. 5 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі қазақстандық әскерилер. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) Қазақстанға әскер жіберетінін ресми мәлімдеді. Бұл туралы ұйымға төрағалық ететін Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді.

6 қаңтар таңертеңн ҰҚШҰ ресейлік Интерфакс агенттігіне "Қазақстанға ұйым әскер жібергенін" хабарлаған.

Ресей мемлекеттік думасының ТМД бойынша комитетінің басшысы Леонид Калашников ҰҚШҰ күштері әскери инфрақұрылымдарды, "Байқоңыр" ғарыш айлағын, басқа да мекемелерді қорғамақ. Ол "жергілікті әскерилер бандалардың бетін қайтара алады" деген.

Қазақстан президенті Алматыда тәртіпсіздік күшейген тұста ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Ол Алматыдағы жағдайды "террористік бандалардың ісі" деді. Әлеуметтік желіде жұрт Тоқаевтың бұл шешімін сынап, шетел әскерін кіргізуге қарсы болып жатыр.

1992 жылы құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Оған негізінен Ресей үстемдік етеді.

Қазір Алматы қаласында "контртеррористік операция" жүріп жатқаны да айтылды. 6 қаңтарда Алматы полиция департаменті қалада ондаған адам қаза тапқанын хабарлады. Елде интернет өшірілгендіктен ақпарат алу қиындап тұр.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG