Accessibility links

Ақтаудың Ынтымақ алаңында 700-ге жуық адам тұр, наразылар жетекшісін әлдекімдер ұстап алып кеткен

Ақтаудың Ынтымақ алаңы. 5 қаңтар, 2022
Ақтаудың Ынтымақ алаңы. 5 қаңтар, 2022

7 қаңтар таңертеңгі мәлімет бойынша, Ақтаудың Ынтымақ алаңында 700-ге жуық адам тұр. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, олар президенттің отставкасын талап етіп жатыр. Жиналғандарға жергілікті зиялы қауым өкілдері, "Нұр Отан" партиясынан сайланған мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев келіп, "бейбіт түрде жиналдыңыздар ма, бейбіт түрде тараңыздар" деп кеңес берген. Содан соң бір топ алаңдағы киіз үйді жинап кетіп қалған. Бірақ халықтың бір тобы "талабымыз әлі орындалмады" деп, алаңда қалып қойды.

Азаттық тілшісіне жергілікті белсенділер "Маңғыстау арена" ғимаратында отырған әскерилерге бара жатқан белсенділер Әмин Елеусінов пен Қыстау Қосшығұловты жолда көліктерін тоқтатып, терезесін шағып, белгісіз біреулер ұстап әкеткенін хабарлады. Олардың қазір қайда екені белгісіз. Әмин Елеусінов Ақтауда 2 қаңтарда басталған наразылардың жетекшісі ретінде белгілі.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті. Қазір де интернет нашар.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.
XS
SM
MD
LG