Accessibility links

7 қаңтардың кешіндегі Қазақстан қалаларындағы жағдай


Алматы, Назарбаев және Абай даңғылдарының қиылысы. 7 қаңтар, 2022 жыл.
Алматы, Назарбаев және Абай даңғылдарының қиылысы. 7 қаңтар, 2022 жыл.

Шымкентте қаңтардың 7-сі күнгі кешкі ахуал тұрақты. Митинг, қарсылық жиындары жоқ. Әкімдік ғимаратының алдын әскерилер мен қолына ақ шыт байлаған адамдар күзетіп жүр.

Орал қаласы да тыныш. Сауда орындары ашыла бастаған. Дүкендерде нан, азық-түлік тапшылығы азайған. Үйде интернет пайда болған, бірақ мобильді байланыс қосылмаған.

Ақтөбеде 7 қаңтардағы таңғы қақтығыстан соң жарақаттанып емдеу орындарына жеткізілгендер саны 41-ге жетті, оның 15-і ауруханада жатыр. Қалада интернет жоқ. Телефоны байланысы әлі нашар.

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Азаттыққа адвокаттар мен құқық қорғаушылар Алматыдағы арнайы операция кезінде қару қолданбаған бейбіт белсенділердің қаншасы ұсталғанын біле алмай отырғанын айтты. Оның сөзінше, қалыптасқан жағдайға байланысты адвокаттар Алматы полиция департаментіне баруға қорқады және қолда бар ақпарат бойынша Алматы полиция департаменті ғимаратының үстінде снайперлер тұр. Олар жақындаған адамға "атамыз" деп ескертеді. Ал департаменттің баспасөз қызметі Азаттыққа ешқандай ақпарат бермеді.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG