Accessibility links

Алматы көшесіндегі қираған көлік. 8 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі қираған көлік. 8 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстан арналары көрсеткен видео Қырғызстанда қарсылыққа ұшырады

9 қаңтар. Қазақстандағы ахуалға шолу.

14:35 9.1.2022

Алматыда тағы бір бала қайтыс болды

Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде тағы бір баланың қайтыс болғанын хабарлады. Оның сөзінше, 7 қаңтар 19.00-де Сейфуллин және Сәтпаев көшесі қилысында көлікке оқ тиіп, 4 жасар қыз бала көз жұмған. Көлікте болған 9-сыныпта оқитын тағы бір қыз бала жансақтау бөлімінде жатыр.

Осыған дейін елдегі ақпарат құралдары Алматыдағы мәйітханада 4 жастағы баланың сүйегі жеткізілгенін хабарлаған еді.

Саин 7 қаңтар 13.30-да 8 жастағы қыз балаға оқ тиіп, жараланғанын да жеткізді.

Балалар құқығы жөніндегі уәкіл осыған дейін 11 жастағы баланың оққа ұшқанын айтқан еді. Ресми дерек бойынша, елде екі бала қайтыс болып, үш бала жараланды.

15:10 9.1.2022

Ақтөбеде наразылыққа шыққан кемі бес белсенді ұсталған

Ақтөбе қаласында қаңтардың басында билікке қарсы бейбіт наразылыққа шыққан кемі бес белсендіні полиция ұстап әкеткен. Бұл туралы Азаттыққа жергілікті белсенділер мен адвокаттар хабарлады.

Белсенділердің сөзінше, Жанна Есмұрзина, Айнагүл Төбетова, Асқар Қаласов, Сағындық Бекеевтің ұсталған. Азаттық бұл белсенділерге хабарласқанда телефондары сөніп тұрды. Ал адвокат Жанболат Қожанов 8 қаңтарда белсенді Берік Ноғаев "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айыппен, 15 күнге қамалған. Ноғаев бұған дейін Ақтөбедегі басқа да бейбіт митингілерге қатысып, әкімшілік жауапқа тартылған еді.

Ақтөбе полициясының мәліметінше, 8 қаңтарда бөлімшеге коммендант сағатын бұзды деген айыппен 89 адам жеткізілген. Оның ішінде 32 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Ақтөбе облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланған. Кешкі уақыттан таңға дейін коммендант сағаты енгізілген.

16:13 9.1.2022

Forbes: Қазақстандық байлардың ақшасы наразылықтан соң 3 млрд долларға азайды

Forbes журналы Қазақстанда жағдай ушыққан тұста төрт қазақстандық төрт миллиардердің байлығы үш миллиард долларға кемігенін жазды. Ақшасы азайғандар арасында Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың қызы мен күйеубаласы бар.

Журналдың есебінше, Kaspi акционері және осы қаржылық компанияның төрағасы Вячеслав Ким акция курсының 30 пайызға төмендеуінен 1,4 миллиард доллар жоғалтқан. Forbes оның қазіргі байлығын 4,2 млрд доллар деп бағалады. Жыл басында оның байлығы 5,7 млрд доллар болған еді. Ким – Қазақстанның экс-президенті Назарбаевқа жақын адамдардың бірі.

Kaspi банктің тағы бір топ-менеджері Михаил Ломтадзе де 1,4 млрд долларынан айырылған. Жыл басында онда 5,2 млрд доллар болған еді. Forbes қазір оның байлығын 3,8 млрд долларға бағалап отыр.

Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев 6 қаңтарда "Халық банктің" акциясы 16 пайызға құлауынан 200 млн доллар жоғалтқан. Журнал екеуінің әрқайсысының қазіргі капиталын 3,1 млрд долларға бағалайды.

Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның қыздары, маңындағы адамдары елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр. Азаттық былтыр жүргізген зерттеуінде Назарбаев әулеті мүшелері мен оның күйеу балаларының 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын анықтаған.

16:18 9.1.2022

Уәли "Тоқаев халыққа үндеулерінің бәрін өзі жазған" дейді

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі күндердегі халыққа үндеулерінің бәрін өзі жазғанын айтты. Бұл жөнінде orda.kz телеграм-арнасы хабарлады. Бірақ Уәлидің желідегі аккаунттарында мұндай мазмұнда пост болған жоқ.

"Мемлекет басшысының соңғы шешімдері мен үндеулеріне қатысты блогосферада түрлі интерпретация болып жатқандықтан, мына жайтты хабарлауды жөн деп таптым: Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекеттің ең жоғары лауазымды қызметтегі тұлғасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Сондықтан ол шешімді өз бетімен қабылдайды. Қазақстанның конституциялық құрылымын бұзу үшін бандиттер шабуыл жасаған қайғылы күндерде де солай болды. Отандастарға арналған барлық үндеулерін ол әдеттегідей өзі жазды, сырттағы кеңесшілердің қолдауына сүйенген жоқ" делінген мәлімдемеде.

Соңғы күндері әлеуметтік желіде, қазақстандық және шетелдік сарапшылар арасында Тоқаевтың соңғы күндердегі мәлімдемелері оның елде жаппай наразылық енді басталған күндерде жасаған мәлімделерінен өзгеше екенін айта бастаған. Алғашқы үндеулерінде Тоқаев "халық пікіріне құлақ асу", "диалог", "саяси рефома" туралы айтса, соңғы күндері "террористер", "экстремистер", "бұзақылар" дегенмен қоса, "өзін еркін санайтын ақпарат құралдары", "шолақ белсенділер" деген сөздерді айтып, аты аталмаған жаулармен күресетінін мәлімдеп жүр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG