Accessibility links

Алматыдағы көрініс. 8 қаңтар 2022 жыл.
Алматыдағы көрініс. 8 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанда қаралы күн. 10 қаңтарда не болды?

16:27 10.1.2022

Туыстары журналист Махамбет Абжанды таба алмай отыр

Махамбет Әбжан
Махамбет Әбжан

Нұр-Сұлтанда наразылық жиындарынан хабар таратқан журналист Махамбет Абжанды туыстары бес күннен бері таба алмай отыр. Бұл туралы журналистің жарымен сөйлескен Азаттық тілшісі хабарлайды.

– Ол ешкімге хабарласпады. Біз ешнәрсе білмей, жай ғана күтіп отырмыз. Қандай да бір пікір білдіруден де қорқып отырмын. Бірақ оның қайда екенін білмейтінімді нақты айта аламын. Ол ешкімге хабарласпаған. Құдайға шүкір, жағымсыз хабар бола қойған жоқ. Күтіп отырмыз, – дейді Махамбет Абжанның әйелі Гүлзира Дүйсембаева күйеуі туралы.

4 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық жиындарынан хабар таратқан Абжан 5 қаңтарға қараған түні үйіне полиция қызметкерлері келгенін, есікті ашпай тұрғанын, осыдан кейін интернеті мен электр жарығы сөндірілгенін айтқан. Махамбет Абжан осыдан кейін журналистер мен құқық қорғаушыларды үйіне шақырып, қолдау білдіруге шақырған.

5 қаңтар күні Азаттық тілшілері Махамбет Абжанның үйіне барғанда, пәтерінің алдында азаматтық киімдегі үш полиция қызметкері тұрғанын көрді. Олар Азаттыққа белгісіз біреулер Абжанның пәтеріндегі шуға шағым айтқанын сол бойынша келіп тұрғанын айтқан. Азаттық тілшілері Абжанның көршілеріне барып, шуды естіген-естімегенін сұрады, олар шу тек полиция келгелі пайда болғанын айтты.

Жары Гүлзира Дүйсембаеваның айтуынша, полицейлер 6 қаңтарға қараған түні де пәтер алдынан кетпей, есікті ашуды талап етіп тұрған. Кейінірек журналист үйден шығып кеткен. Артынша полицейлер үйге кіріп, тілшінің бар-жоғын тексерген. Полицияның оны ұстаған-ұстамағаны белгісіз.

– Полициядан қоңырау шалған жоқ. Бірақ келесі күні (6 қаңтар) келді, бірақ ол кезде Махамбетті емес, Жека деген біреуді сұрады. Сәл сол форма: әскери шалбар, жоғарғы жағы азаматтық киім, – Гүлзира Дүйсембаева.

Азаттық жергілікті полицияға хабарласып көрді, телефон көтерілмеді. Махамбет Абжанның із-түссіз жоғалғаны осыған дейін журналистің адвокаты да хабарлаған.

22:48 10.1.2022

Тоқаев "шабуыл жасағандар Орталық Азиядан, Ауғанстаннан, Таяу Шығыстан келгенін" айтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен сөйлескенде "Қазақстанға қарсы шабуыл жасағандардың көбі Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстаннан және Таяу Шығыстан келген" деп мәлімдеді. Тоқаевтың сөзін Ақорда жариялады

Қазақстан президенті "мұның террорлық шабуыл екеніне ешқандай күмәнім жоқ. Бұл – Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдасқан, әбден дайындалған агрессиялық акт. Олардың пиғылы біздің аумақты бақылауда ұстайтын хаос аймағына айналдыру, содан кейін билікті басып алу болды. Сондықтан Қазақстанда лаңкестікке қарсы операция басталды" деген.

Ол шабуыл жасағандарды кім жібергенін айтқан-айтпағаны белгісіз. Бұл жайында Ақорданың хабарламасында айтылмайды.

Тоқаев бұл сөзін Батыс елдері, халықаралық ұйымдар тарапынан мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған мәлімдемелер көбейген тұста, шетелдік басылымдар елдегі жайтқа баса назар аудара бастағанда айтты.

Қазақстан билігі 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздікті "террорлық акт", "шетелде жаттыққан содырлардың шабуылы" деп сипаттайды және "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" дейді. Осыған дейін президент тарапынан "террористердің" кім екені, қайдан келгені айтылмай келген еді.

10 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Елде жағдай тұрақтала бастағаны, әскерилер елдегі нысандарды "бақылауына алғаны" айтылды.

22:46 10.1.2022

Қазақстанда ұсталған қырғызстандық музыкант Рузахунов Бішкекке оралды

Қазақстанда ұсталған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов 10 қаңтарда босатылып, Бішкекке келді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне таныстарының бірі хабарлады.

9 қаңтарда "Қазақстан" және "Хабар 24" арналары "Қазақстандағы митингіге қатысқаны үшін ақша алды" деп бір қырғызстандықты көрсеткен еді. Ал Қырғызстан тұрғындары Қазақстан арналары көрсеткен адам белгілі джаз музыканты әрі пианист Викрам Рузахунов екенін жаппай айта бастады.

Видеодағы адам жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады. Сөйлеп тұрған адамның бетінде соққы іздері бар, бір көзі ісіп кеткен.

Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, кейбірі оған бұл сөздерді азаптап айттырды деді.

Жақындары бірнеше күннен бері Рузахуновты таппай жүрген. Қырғызстан ішкі істер министрлігі Рузахуновтың Алматыға билетті желтоқсанда сатып алғанын, 2 қаңтарда Қазақстанға концерт қоюға кеткенін мәлімдеді.

9 қаңтарда бір топ қырғызстандық Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдына наразылық акциясын өткізіп, Рузахуновты босатуды талап етті. Акцияға Қырғызстан ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиев те келді.

Жиында Ташиев "Мемлекеттік органдар тарапынан ресми түрде Рузахуновтың "террорист емеспін" ресми түрде мәлімдейміз. Қазақстанның мемарналарында таратылған ақпарат қате. Тергеудің риторикасын өзгерту керек. Біздің азаматты терроризмге айыптау дұрыс емес" деген.

Қырғызстан осы оқиғаға байланысты Қазақстанға қарсылық нотасын жолдаған.

Қазақстанда билікке қарсы жаппай наразылық соңғы тәртіпсіздікке ұласқан соң билік елдегі жағдайға "шетелде дайындалған террористерді" айыптай бастаған. Бірақ билік "террористердің" кім екенін нақты айтпай отыр.

18:31 10.1.2022

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Хабар 24" арнасында "елдегі жағдайға жол берген тұлғаларды анықтау үшін тиісті жұмыстар жүріп жатыр" деді.

16:30 10.1.2022

Тоқаев ҰҚШҰ жиынында не айтты?

Тоқаев ҰҚШҰ жиынында 5 қаңтардан басталған тәртіпсіздіктің мақсаты "билікті басып алу, басқару институттарын мен конституциялық құрылымды бұзу" және "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" деп атады.

Тоқаев ҰҚШҰ-ның онлайн отрысында "діншіл радикалдар, қылмыстық элементтер, бандиттер, тонаушылар мен бұзақылар" "наразылықты тірі қалқан ретінде пайдаланды", "әскерилер мен құқық қорғау органдарының киімін киіп алды" деді.

"Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси талаптар екінші, үшінші планда қалды. Оны ұмытып кетті. Мұның артынан өз уақытын күтіп отырған қарулы содырлар іске көшті" дейді Қазақстан президенті.

Ақорда "содырлардың", "террористердің", "діншіл радикалдардың" нақты кімдер екенін ашып айтпай отыр. Билікті кім "басып алмақ болғаны" да айтылмады.

Тоқаев "террористер" "бес есе көп болғанын" айтып, "содырлардың резиденция алдына жиналуы - Қазақстанға қарсы террористік соғыс" деп атады. Ол "содырлар елдің 11 аймағына шабуылдады, негізгі соққы Алматыға бағытталды" дейді.

"Алматының құлауы халық көп қоныстанған оңтүстік аймақты, одан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді. Бұл оқиға тарихта "Алматы трагедиясы" деген атпен қалады" деді.

Қазақстан президенті тәртіпсіздіктен күштік құрылымның 16 қызметкері қаза тауып, 1300-і жараланғанын айтты. Ол бейбіт тұрғындар арасында да қаза болғандар барын, марқұмдардың саны анықталып жатқанын жеткізді.

Қазақстан билігінің адам шығынына қатысты деректері қабыспай жатыр. Осыған дейін ІІМ күштік құрылымдар арасында 18 адам қаза тапқанын айтқан еді. Бұған қоса, 9 қаңтарда ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиесілі телеграм канал денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап, 164 адам қаза болғанын мәлімдеген. Кейін министрліктер бұл деректі "техникалық қателік" деп жоққа шығарды. Қазірге дейін белгілісі елдегі тәртіпсіздік кезінде кем елу адам қаза тапқан. Олардың арасында екі бала бар.

Тоқаев ҰҚШҰ жиынында "содырлар" Ақорданы "басып алу жоспары болғанын" айтып, "астанаға үш әскери ұшақ келген соң жоспарларынан бас тартты" деді.

Қазақстан президенті ҰҚШҰ жиынында Ресей президенті Путинге және ұйым мүшелеріне алғыс білдіріп, "Қазақстанда антитеррорлық операция жақын арада аяқталады, сол уақытта ҰҚШҰ миссиясы жұмысын аяқтайды" деп мәлімдеді.

"Алдын ала тергеу аяқталған соң әлемдік қауымдастыққа біздің елге жасалған террористік агрессияға дайындық жайлы дәлелдер ұсынамыз" деді Тоқаев.

ҰҚШҰ жиынында Ресей президенті Владимир Путин "бітімгер контингент сөзсіз Қазақстан аумағынан шығарылатынын" айтты. Ол Қазақстандағы тәртіпсіздікте "майдан технологиясы" қолданды деп сипаттады. Путин "майдан технологиясының" қолданылғанына қатысты ешқандай дәлел ұсынбады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG