Accessibility links

Қазақстанда қаралы күн. 10 қаңтарда не болды?


Алматыдағы көрініс. 8 қаңтар 2022 жыл.
12:56 10.1.2022

10 қаңтар - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні. Елде 5 қаңтардан кейін жағдай ушығып, ондаған адам қаза тапты. Қазақстанда не болып жатыр? Алдымен қысқа шолып шығайық.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында түнде наразылық жалғасты. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.
12:58 10.1.2022
16x9 Image Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

Алматыдағы мәйітхана алдында ондаған адам тұр

Алматыда Қазыбек көшесіндегі мәйітхананың алдында ондаған адам жиналып тұр. Бұл жөнінде оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісі айтты.

Тілшінің айтуынша, бұл жерге қаңтар алдындағы "тәртіпсіздіктер кезінде" із-түзсіз жоғалған туысын іздеген немесе сол кезде қаза болған туыстарының денесін тану үшін келген адамдар тұр. Арнайы жасақ Азаттық тілшісіне мәйітхананы түсірмеуді ескертті.

Арнайы жасақ ағасын іздеп келген белсенді Дархан Уәлиевті сол жерде ұстап, әзірге босатпаған.

Қаңтар басындағы "тәртіпсіздіктер кезінде" қанша адамның зардап шеккені белгісіз.

12:59 10.1.2022

Жамбыл облысы полиция бастығының қайтыс болды. Оның өзіне қол салғаны айтылады

Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысы полициясының бастығы генерал Жанат Сүлейменовтің қайтыс болғанын растады. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Ведомство жағдайдың жай-жапсарын анықтап жатыр.

Бұған дейін журналист Михаил Козачков Телеграмдағы арнасында Сүлейменовтің өзіне қол салғанын жазған.

13:09 10.1.2022

ІІМ Қазақстанда ұсталғандар саны 7939 адам болғанын хабарлады. Алматыдағы "Алтын Орда" және тағы бір базарда әскерилер 207 адамды ұстаған. Билік елдегі тәртіпсіздікте қанша адам қаза тапқанын ашып айтпай отыр. Қазірге дейін елуге жуық адамның қаза тапқаны белгілі.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG