Accessibility links

Семейлік белсенді туыстарының жоғалғанын хабарлады


Семейдегі митинг. Шығыс Қазақстан облысы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Семейдегі митинг. Шығыс Қазақстан облысы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Семейлік белсенді Кербез Егінбаева 6 қаңтардан бастап анасы мен бауырынан хабар үзілгенін айтты. Оның жақындары Семейдің орталық алаңындағы наразылық акциясына қатысқан.

– 6 қаңтарда анамды алаңда ұстаған. Содан бері қайда екенін біле алмай отырмын. Полиция қызметкерлері маған ешқандай ақпарат бермеді. Ұсталғандар туралы ақпарат бермеу жайлы бұйрық бар деп айтады, – деді Егінбаева.

Белсендінің сөзіне қарағанда, 4 қаңтарда наразылық акциясына қатысқан бауырын полиция 6 қаңтарда ұстап әкеткен.

– Ол жүріп жүрген қызының кеңсесінде отырған кезде жәй киім киген он адам есікті сындырып, 19 жастағы қыздың басына пистолет тақаған. "Еденге жат немесе атып тастаймыз" деген. Бауырымды теуіп, басына секірген. Подъездің барлығы қан. Қызының көзінше қатты ұрып-соғып, алып кеткен. Содан бері хабар жоқ, – деді ол.

Кербез Егінбаева туыстарының полиция бөлімшесінде екі күн қамауда болғанын таныстары арқылы білген. Кейінірек анасы мен бауырын Затон тергеу изоляторына ауыстырған. Олар ол жақта тергеу біткенше екі ай қамауда болады.

– Таныстарым мен туыстарымды сол жаққа жібердім. Сәлем-сауқат қабылдамайды. Адвокаттарды да жібермей жатыр. Ақпарат бермейді. Тыйым салынған дейді, – деді белсенді.

Осыған дейін Азаттық тілшісі полициядан жоғалған белсенді Фарит Ишмұхаметов жөнінде сұрап көрген. Алайда полиция өкілдері "БАҚ туралы заңның күші тоқтағанын", ақпаратты тек туыстарына ғана беретінін айтты.

Семейде сонымен бірге жергілікті белсенді Тимур Ержанұлы да жоғалған.

Шығыс Қазақстан облысында ресми ақпарат бойынша, шамамен мың адам ұсталған. 66-ы қамауға алынған. Ұсталғандарға әзірге ешқандай айып тағылмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG