Accessibility links

Қазақстанның тағы бірнеше аймағында төтенше жағдай режимі алынады


Төтенше жағдай күшінде тұрған облыстар мен қалаларда түнгі сағат 11-ден кейін сыртқа шығуға тыйым салынған. Нұр-Сұлтан қаласы, 10 қаңтар 2022 жыл.
Төтенше жағдай күшінде тұрған облыстар мен қалаларда түнгі сағат 11-ден кейін сыртқа шығуға тыйым салынған. Нұр-Сұлтан қаласы, 10 қаңтар 2022 жыл.

Шымкент пен Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстарында төтенше жағдай режимі алынады. Арнайы жарлықтар 14 қаңтарда Ақорда сайтында жарияланды.

Аталған аймақтарда төтенше жағдай режимі 14 қаңтар кешкі сағат 6-дан бастап алынады.

12 қаңтарда төтенше режим Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында тоқтатылған еді. Осы аптада билік қаңтардағы оқиғадан кейін елде жағдай тұрақтала бастағанын айтқан.

Өткен аптада билік елдегі наразылық пен тәртіпсіздіктерге байланысты 19 қаңтарға дейін елдің барлық аймағында (бастапқыда Алматы мен Маңғыстау облысында, ізінше барлық аймақта) төтенше жағдай жариялаған еді. Енді төтенше режим он облыста күшінде болады.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның өзге қалаларына жайылған. Алматыда наразылықтың соңы қантөгіске ұласты. Өзге аймақтарда да адамдардың қаза болғаны хабарланды. Қаңтар оқиғасында қанша адамның қаза болғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі 164 адамның опат болғанын хабарлады, бірақ ведомство кейін жоққа шығарды. Әлеуметтік желіде туыстары немесе таныстарын іздеп жүрген хабарламалар көп. Жер-жерде белсенділердің ұсталғаны, із-түзсіз жоғалғаны немесе тергеу изоляторында азапталғаны жайлы ақпараттар жиі шыға бастады. Ресми билік әзірге мұндай хабарламаларға реакция білдірмеді.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

2022 жылы Қазақстанда қаңтарда наразылық пен тәртіпсіздік қалай болды? Қаңтар оқиғасының хронологиясы.

XS
SM
MD
LG