Accessibility links

Бас прокуратура қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 225 адам қаза болғанын хабарлады


Бас прокуратура Қазақстанда қаңтардағы оқиғаның салдарынан кемінде 225 адам қаза болғанын хабарлады. Арасында бейбіт тұрғындар да бар.

– Қазақстан бойынша 4578 жәбірленуші бар, 4 353-і жараланған. 3393-і – құқық қорғау орган қызметкері. Төтенше жағдай кезінде (5-14 қаңтар аралығында – БП) мәйітханаларға 225 адам жеткізілді. Бір бөлігі – терактіге қатысқан қару ұстанған қарақшылар. 19-ы - құқық қорғау орган қызметкері. Өкінішке қарай, терроризм актісінен бейбіт тұрғындар да қаза болды, – деді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев сенбі күнгі брифинг кезінде. Ол бұл мәлімет толықтырылып, өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

Бас прокуратураның хабарлауынша, 6 қаңтарға дейін полиция атыс қаруын қолданбаған.

"6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция жүргізілетіні жарияланды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады" деді Серік Шалабаев.

Билік тәртіпсіздіктен қаза болғандар санын оқиғадан бері шамамен бір жарым апта өткеннен кейін жариялап отыр. Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары биліктің оқ атуын сынап, оқиғаны тәуелсіз зерттеуге шақырған. Amnesty International ұйымы Нұр-Сұлтанды қаза болғандардың санын жариялауға, бейбіт митингіге шыққан азаматтарды қудаламай, босатуға үндеген.

11 қаңтарда ІІМ "жаппай тәртіпсіздікке" қатысты деп он мыңға жуық адамның ұсталғанын хабарлаған.

Бас прокуратура мәліметінше, "қаңтар оқиғасына қатысы бар" деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілген, 446-сы сот санкциясымен қамауға алынған. Жүзге жуық адам "ұстауға негіз болмағандықтан" босатылған.

546 қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр: терроризм бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34, адам өлтіру қылмысы бойынша 15 іс ашылған.

– Қазіргі уақытта прокуратураға құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне қатысты 32 өтініш келіп түсті, – деді Бас прокуратура өкілі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде төтенше жағдай жарияланғалы бері оқиға кезінде зардап шеккен 2 677 адам медициналық көмекке жүгінген. 863 адамға стационарлық көмек, 1 815-іне амбулаторлық көмек көрсетілген. Қазір 265 емделіп жатыр. 67 адамның жағдайы ауыр.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен бейбіт тұрғындар да қаза тапты.

Бұған дейін билік оқиға кезінде 164 адамның опат болғанын хабарлағанмен ізінше мәліметті жоққа шығарған.

Қазір жергілікті ақпарат құралдары оқиғаға кездейсоқ тап болып, қаза болған азаматтар жөнінде жазып жатыр. Оқиғаға байланысты ұсталып, тергеу кезінде азапталғандар жөнінде де ақпарат жиі шығып жатыр. Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде із-түзсіз жоғалған адамдар да көп. Олардың саны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG