Accessibility links

Атырау қаласының әкімі қызметінен босатылды


Қайрат Оразбаев.
Қайрат Оразбаев.

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қызметінен кетті. Жергілікті ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, ол 30 желтоқсаннан бері "денсаулығына байланысты" демалыста болған. Ал 14 қаңтарда қызметтен кету туралы өтініш берген. Облыс әкімдігі қазір оның міндетін уақытша қала әкімінің орынбасары Жұмабек Қаражанов атқаратынын айтты.

Атырау өңірінен ақпарат тарататын "Ақ Жайық" басылымы қаңтар айының алғашқы ауыр күндерінде әкімнің жұмыс орнында болмауы қалада елеусіз қалмағанына назар аударады. Жаңаөзеннен басталған наразылық Атырау қаласында да тұтанып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан. Қалада адам өлімі болғаны да хабарланды. Ресми мәлімет бойынша, Атырау облысында қаңтар оқиғасынан кейін "тәртіпсіздікке қатысы бар" деген күдікпен 500-ге жуық адам полицияға жеткізілген.

Қаңтардағы оқиғадан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында тұрғындар қала әкімінің отставкасын талап еткен петицияға қол жинай бастаған. Мысалы, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған үндеуінде Алматы тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың "қаңтар басындағы ауыр күндерде алматылықтарды физикалық, моральдық тұрғыда қолдау көрсетпегенін", тек 8 қаңтарда ғана жұртқа "көріне бастағанын" жазған. Бір күн бұрын қалада Сағынтаев отставкасын талап етіп, көпірге плакат ілген жас белсенді Диар Жұмәділовке айыппұл салынды. Әзірге қала әкімінің петиция жайлы пікірі жарияланбады. Соңғы мәлімет бойынша, петицияға 25,6 мың адам қол қойған.

Қазір Атырау облысында, Шымкентте де осыған ұқсас петицияға қол жинап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG