Accessibility links

Белсенділер қаңтар оқиғасында қаза болғандардың есімін жария етуді талап етеді


Отқа оранған Алматы әкімдігі. 6 қаңтар 2022 жыл.
Отқа оранған Алматы әкімдігі. 6 қаңтар 2022 жыл.

Журналист әрі азаматтық белсенділер Әсем Жәпішева мен Бэлла Орынбетова қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың аты-жөнін жариялауды талап етіп, петиция ұйымдастырды.

"Қаңтардағы қайғылы оқиға барысында, ресми ақпарат бойынша, әскери қызметкерлермен қоса, бейбіт халық тарапынан 225 адам қаза тапты. Біз, Қазақстан халқы, осы ауыр күндерде ел басына түскен қайғыны бөліскіміз келеді. Бірақ 225 цифрды емес, 225 қаза тапқан адамды жоқтап, қайғы жұтқан отбасының қасіретін бөлісіп, көмектескіміз келеді. Осыған байланысты аласапыран қаңтар күндері қаза тапқан 225 адамның және із-түзсіз жоғалып кеткен адамдардың аты-жөнін жариялауыңызды талап етеміз" делінген петиция мәтінде.

Белсенділер бұл санның көбеюі әбден мүмкін, себебі қазіргі уақытта еш хабар-ошарсыз кеткен, ауруханада хал үстінде жатқан адамдар есепке кірген жоқ дейді.

"Біз біргеміз" миссиясы құр ұран түрінде қалмауы тиіс, сондықтан "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорының қаражаты есебінен осы қаза тапқан тұрғындардың отбасыларына, зардап шеккен адамдарға материалды көмек аударуды талап етеміз» дейді петиция авторлары.

Сенбі, 15 қаңтар күні Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде мәйітханаларға 225 мәйіт жеткізілгенін мәлімдеген.

Алматыда қаңтардағы оқиғаның салдарынан 149 азамат, 11 полицей қаза болған. Бұл жөнінде қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов жексенбі күнгі брифинг кезінде хабарлады.

Полиция бастығы "қаза болған азаматтардың басым бөлігі қарақшылар мен террористер" деді. Таймерденов "тәртіпсіздік" кезінде бейбіт тұрғындар да қаза болғанын хабарлады, бірақ нақты санын айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG