18 қаңтар күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрлігі өкілдеріне төтенше жағдай кезінде медициналық көмекке жүгінгендердің жарақаттары жөнінде сұрақтар қойылды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният зардап шеккендерде жарақат болғанын растап, негізінен хирургиялық операциялар жасалғанын айтты.
"Қазір толық ақпарат жоқ. Жедел штаб жұмыс істеген кезде олардан науқастардың жағдайы туралы сұрап отырдық. Ол жерде жабық жарақаттар да, оқ жарақаттары да болды. Негізінен хирургиялық операциялар жасалды. Қазір шамамен үш мың адам зардап шеккен, барлығына көмек көрсетілді" деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Азаттық тілшісі министрлік өкілдерінен қаза болғандар мен зардап шеккендер арасында қанша әйел және қарт адам барын сұрады. Министрлік басшысы "бұл бойынша арнайы статистика жүргізбейміз" деп жауап берді. "Біз үшін олардың бәрі – пациент, жас ерекшілігі бойынша арнайы статистика жүргізбейміз" деді Ғиният.
– Митингіге қатысқан бір аяғы ауыр әйелдің наразылық кезінде зардап шегіп, Талғар орталық ауруханасына түскені туралы дерек бар. Жағдайы тұрақты, дәрігерлер құтқарып қалды. Қаза болғандар арасында қанша баланың өлгені туралы мәлімет бар: Алматыда екі бала опат болған, бірі 5 жаста, екіншісі 12 жаста болған, – деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде (5-19 қаңтар аралығы) 2 739 адам дәрігер көмегіне жүгінген. 18 қаңтар күнгі ақпарат бойынша, 200 адам стационарлық көмек алып жатыр. Реанимацияда жатқан 14 адамның жағдайы ауыр, төртеуі – Алматыда, біреуі – Алматы облысында, бесеуі – Қызылорда облысында. Әзірге толық емес ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасынан кемінде 227 адам қаза болған. 177-сі медициналық ұйымдарда көз жұмған.
18 қаңтар күнгі брифинг кезінде премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елде коронавирустың көбеюіне ішкі және сыртқы миграция, мереке күндері, сонымен бірге қаңтар толқуы да әсер еткенін айтты.
2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық Қазақстанның өзге қалаларына жайылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай режимін жариялап, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берген.
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасынан кемінде 227 адам қаза болған. Олардың біраз бөлігін – билік "терактіге қатысқан қарулы қарақшылар" деп атаған. 11 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, елде 10 мыңға жуық адам ұсталған. Құқық қорғаушылар күштік құрылымдардың бейбіт шеруге қатысқан белсенділерді соққыға жығып, азаптағаны жөнінде хабарламалар түскенін айтқан.
Ресми ақпаратқа қарағанда, басында полиция жас ағызатын газ, шулы граната мен резеңке оқ сияқты ғана құралдар қолданған. Бас прокуратура 6 қаңтарда полиция мен әскер атыс қаруын пайдалана бастағанын айтты.
ПІКІРЛЕР