Accessibility links

Қадыровтың қоқан-лоқысынан соң бұрынғы судья Янгулбаев Ресейден кетті


Шешенстан жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Сайди Янгулбаев.
Шешенстан жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Сайди Янгулбаев.

Шешенстан жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Сайди Янгулбаев қызы Әлия Янгулбаева екеуі Ресейден кетуге мәжбүр болды. Бұл туралы азаптауға қарсы комитеттің (Ресейде "шетел агенті" тізіміне енгізілген) заңгері Сергей Бабинец айтты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.

Бабинецтің сөзінше, Янгулбаев пен оның қызы өміріне қауіп төнгендіктен кеткенін жеткізген. Олардың нақты қай елге кеткені айтылмаған.

20 қаңтарда өзін Шешенстан ішкі істер министрлігі қызметкерлеріміз деп таныстырған адамдар Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы Янгулбаевтар отбасы тұрып жатқан пәтерге баса-көктеп кірген. Олар отставкадағы судья Сайди Янгулбаев пен оның әйелі Зарема Мусаеваны Шешенстанға алаяқтық ісі бойынша куәгер ретінде жауап алуға мәжбүрлеп жеткізу туралы құжат көрсеткен. Сайди Янгулбаевтың судья мәртебесі болғандықтан оған тисе алмаған олар Мусаеваны күштеп алып кеткен. 20 қаңтардың кешінен бері үй-іші Зарема Мусаеваның хал-жағдайын біле алмай отыр. Шешенстан телеарнасы Мусаева туралы сюжетті көрсетіп, видео Грозный қаласында таспаға жазылды деп хабарлаған. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жұма, 21 қаңтарда Янгулбаевтар отбасына қоқан-лоқы көрсеткен бейнетаспада "бұл отбасының орны түрме немесе жер астында" деп мәлімдеген. Ол Мусаева Грозныйға жеткізілген соң полиция қызметкеріне шабуыл жасады деп айтқан.

Қадыров Янгулбаевтар отбасының оппозициялық телеграм-канал қызметіне қатысы бар деп санайды. Сенбі, 22 қаңтарда Қадыров Янгулбаевтар отбасын террористерді жақтайды, Түркияда шешенстандық күш құрылымдары өкіліне шабуылды ұйымдастырған деп айыптап, оларды ұстау кезінде көзін жоюды құптайтынын мәлімдеді деп хабарлады Кавказ.Реалии сайты.

"Янгулбаевтар терроризм мен экстремизмге үндеп, оны қолдайды, – деп жазды өз телеграм-каналында Қадыров. – Янгулбаевтар мұқым отбасымен террор топтарды қолдайтыны сөзсіз және тұтас желіні ұйымдастыруға қатысуды жоспарлаған. Сол себепті оларды заң талабына сай ұстап, жазалау керек деп санаймын. Ал егер қарсыласатын болса, терроршылардың жандайшабы ретінде құрту керек, олар шынымен сондай ғой".

Шешенстанға күштеп әкетілген Зарема Мусаеваның ұлы Абубакар Янгулбаев "Дождь" телеарнасына (Ресейде "шетел агенті" деп танылған) берген сұхбатында Рамзан Қадыровтың сөзін терістеді. Ол Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасап, Шешенстан басшысын қызметтен босатуын сұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG