Accessibility links

Куәгер Азаттыққа жасақтың жараланғандарды ауруханадан әкеткен видеосын жіберді   


Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?

24 қаңтарда Азаттық радиосына аты-жөнін көрсетпеуді сұраған азамат қарулы жасақтың жараланған азаматтарды күштеп әкетіп бара жатқаны көрінетін бірнеше видео жіберді. Куәгер сөзінше, жасақ әкетіп бара жатқан адамның бәрі қаңтардағы дүрбелең кезінде жараланған. Ол видео 9 қаңтар күні Алматыдағы жедел көмек көрсету ауруханасында түсірілгенін айтады.

Бірнеше видео кадрларында аяғы оралып, балдаққа сүйенген он шақты адамды жасақтың автозактарға алып бара жатқаны көрінеді. Жасақ кейбірін жартылай жалаңаш, кейбірін жалаңаяқ әкетіп барады.

Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

— Арнайы жасақ пен полиция оқ тиген жаралылардың бәрін ұстап әкетті. Оларды палаталарда ұрып-соғып, тіпті киінуге де мұрша бермеді. Үстеріне төсек жаймасын жамыла салып, жалаңаш шығып кетті. Аурухана қызметкерлері қорқып қалған. Ешқандай ақпарат бермейді. Дәрігерлер "ауруханаға бекер жатқыздық" деп өкініп қалды. Оларды ұстап әкетеді деп ойлаған жоқ, — дейді оқиға куәгері.

Дереккөздің сөзінше, жасақ жиырма шақты азаматты ұстап әкеткен. Арасында жас жігіттер де, егде жастағы азаматтар да бар. Ұсталғандардың бұдан кейінгі тағдыры белгісіз.

Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп жараланған адамдар қаладағы ауруханаларға жеткізілді. Кейбірі жан сақтау бөліміне түскен. Осыған дейін Азаттыққа сұхбат берген азаматтар жараланған жақындарын ауруханаға түскен үш-төрт күннен соң әскерилер ұстап әкеткенін айтқан. Куәгер жіберген видеолар — осы оқиғалар бейнеленген алғашқы айғақ. Жасақтың қаладағы тағы бірнеше ауруханадан митинг кезінде жараланғандарды ұстап әкетіп, тергеу изоляторына жеткізгені белгілі.

Ішкі істер министрлігінің 24 қаңтардағы ақпараты бойынша, қаңтар оқиғасынан кейін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне 731 адам жеткізілген. Оның 20-сы сот және прокуратура органдарының шешімімен үйқамаққа ауыстырылған немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Қазір тергеу изоляторында сот санкция берген 711 адам қамауда отыр.

— Дене жарақатын алғандарға немесе ауруы анықталғандарға дереу медициналық көмек көрсетіледі. Мекемеде білікті медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған жағдайда олар азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарына жеткізіліп, күзетілетін палаталарда емделеді. Бүгінде осындай тәртіппен 23 адам ем алып жатыр. Олар жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақат алған, — дейді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз ведомство сайтында жарияланған видеода.

Құқық қорғаушылар түрмеде тиісті ем-дом жоғын айтып, алаңдаушылық білдірген. Олар жаралы азаматтарды әуелі емдеуді сұрайды.

— Тиісті медициналық көмек көрсетпеу [халықаралық стандарт бойынша] азаптау болып саналады. Денсаулық жағдайына байланысты не басқа себеппен адамның халі нашар болса, алдымен медициналық көмек көрсетеді. Оны ұстап әкетпейді, тергеу жүргізбейді, — дейді Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро құқық қорғаушысы Анна Солодова.

Қаңтар оқиғасынан соң күдікті ретінде қамалған азаматтардың туыстары жаралы жақындарын алаңдап, оларды емге жіберу туралы бірнеше рет үндеу жасаған. Олардың арасында бүйрегінен айырылған, бірер күн бұрын жан сақтау бөлімінен шыққандар да бар. Бірақ билік "түрмеде олардың еміне жағдай бар" деуден танбай келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG