24 қаңтарда Алматыда бір топ кәсіпкер, заңгер, ғалым мен мұғалім "Республиканы қолдау қозғалысы" атты жаңа қоғамдық бірлестік құрғанын хабарлады.
Бастамашыл топтың мәлімдемесінде "Нұрсұлтан Назарбаев құрған авторитарлық жүйе" және "елбасы басқаруы кезінде тамыры тереңдеп кеткен жүйені түбірімен жұлу" туралы айтылған. Қозғалыс мәлімдемесін Алматыдағы баспасөз конференциясында "Құқық үстемдігі институты" қамқоршылық кеңесінің төрағасы Азамат Төлеуов оқыды.
Заңгер әрі кәсіпкер Нұрлан Есқалиев қоғамның белсенді өкілдерінің мемлекетті басқаруға қатысуына жол беретін механизмдер қажеттігін айтты. Төлеуовтің пікірінше, жылдар бойы жүйе "бір адамның қолында" болды, қазір соны "өзгертетін", "халық биліктің қайнар көзі екенін түсінетін" уақыт келді.
Қозғалыс өкілдері Конституцияны өзгерту немесе жаңа Конституция қабылдау мәселесі қаралатын референдум өткізу бастамасын көтермек. Сонымен бірге, белсенділер жыл аяғына дейін әкімдерді, мәслихат пен парламент депутаттарын сайлауға үндеді. Заңгер Исқалиев сенатты алып тастап, Орталық сайлау комиссиясын таратуды, онда "халық мүддесін қорғайтын әділ заңгерлерді" жинауды ұсынды. Қозғалыс өкілдері 2000-жылдары қабылданған елбасы туралы заңды сынады.
"Республиканы қолдау қозғалысы" сайлауларға қатысуды көздеп отыр. Қазір қозғалыста он адам бар, дейді Төлеуов.
ПІКІРЛЕР