Accessibility links

Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсендінің аштық жариялағаны хабарланды, түрме әкімшілігі жоққа шығарады

"Полицияға күш қолданды" және "полицияны қорлады" деген күдікке ілінген азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаев сотта отыр. Шымкент, 9 қараша 2021 жыл.
"Полицияға күш қолданды" және "полицияны қорлады" деген күдікке ілінген азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаев сотта отыр. Шымкент, 9 қараша 2021 жыл.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, екі айға қамалған белсенді Жанмұрат Аштаевтың аштық жариялағаны хабарланды. Белсендінің адвокаты мен әйелі сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, оны өткізбеген соң Аштаев осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтады. Ал Аштаев отырған ИЧ 167/11 мекемесінің әкімшілігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Адвокат Мұрат Жолшиевтің сөзінше, 8 қаңтарға қараған түні Аштаевтың үйіне басып кірген полиция қызметкерлері оған қару кезеніп, алып кеткен. Әл-Фараби аудандық полиция департаментінде соққыға жыққан. Дене жарақатының ауырлығын анықтау үшін 12 қаңтарда прокуратура сот-медициналық сараптама тағайындаған, бірақ әлі күнге өткізілмеген.

- Кеше кешке (24 қаңтарда – ред.) Жанмұратпен кездестім. Ұсталған кезде соққыға жығылып, қабырғасы мен аяғына зақым келген. Карантин бітті, кештен бастап аштық жариялаймын деді. Түрмеде қысым көрмеген. Түрменің аты түрме, жағдайы жақсы деп айта алмаймын, - деді Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранова.

Аштаев қамауда жатқан Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданында орналасқан ИЧ 167/11 түзеу мекемесінің басшысы Ермек Жалғасбаев Азаттыққа белсендінің аштық жариялап жатқанын жоққа шығарды.

Аштаевқа 4 қаңтар күні түнде қаланың Республика көшесіндегі «Колос» аялдамасында митинг ұйымдастырып, 5 қаңтар күні қала әкімдігі жанындағы көрме орталығын қиратты деген айып тағылған. Бірақ белсендінің әйелі Аштаев 4 қаңтар күні туған жері Ұзынарық ауылында, 5 қаңтар күні жұмыста болғанын айтады.

Аштаев Қылмыстық кодекстің «Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу» (269-бап) бабымен күдікке ілінген. Қалалық тергеу соты оны екі айға қамаған. Апелляциялық шағым түсіргенімен, 15 қаңтар күні қалалық сот оны қамауда қалдырған.

Шымкентте наразылық 4-6 қаңтар күні болды. Қаңтар оқиғасына байланысты қалада 10 белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамалған. Бұған дейін құқық қорғаушылар белсенділер мен бейбіт азаматтардың ұсталуына алаңдаушылық білдірген.

​
XS
SM
MD
LG