Accessibility links

"Не өлі, не тірісін білмейміз" Белсендінің әйелі полицияның күйеуі туралы ақпарат бермегеніне шағымданды


Белсенді Дархан Уәлиев. Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.
Белсенді Дархан Уәлиев. Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.

Қаңтар оқиғасынан кейін "терроризм" бабы бойынша күдікке ілінген азаматтық белсенді Дархан Уәлиевтің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова мен адвокаты Жанар Балғабаева өздерін белсендіге кіргізбей жатқанын хабарлады.

Бір күн бұрын оған күйеуін қамауда азаптап, "ұрып-соғатын тоқпаққа айналдырып жібергені" туралы хабар түскен. 19 қаңтар адвокат Жанар Балғабаевамен бірге полиция мен СИ-18 тергеу изоляторына барған кезде белсенді жайлы ақпарат ала алмаған.

– Бізді Дарханға кіргізбей жатыр. Демек, оны ұрып-соққаны рас болып тұр ғой. Он күн ішінде бірде-бір ақпарат бермеді. Не өлі, не тірісін білмейміз. Қазір қалалық полиция департаменті алдында тұрмыз, оны көрсетпейінше кетпейміз, – деді белсендінің әйелі Бұлбұл Бердіқожанова.

Адвокат Жанар Балғабаева сәрсенбі күні тергеу изоляторына барған кезде екі сағат бойы күтіп жүріп, Уәлиевтің ол жақта емес екенін анықтағанын айтады.

– Арнайы прокурор бізді тергеуші Литвиненкоға жіберді. Литвиненко басқа жаққа сілтейді. Ал істі жүргізген, белсендінің әйелімен кездескен тергеуші басқа нәрсені айтып отыр. Осылайша бізді кіргізбей жатыр. Олар менің адвокаттық қызметіме кедергі келтіріп отыр, белсендіні адвокат көмегін пайдалану құқығынан айырып отыр, – деді Жанар Балғабаева.

Ал Алматы қаласы арнайы прокуратура басқармасының бастығы Қанат Күнғожинов Азаттық тілшісіне белсендіге адвокаты мен туыстарын жіберуге рұқсат бергенін айтып, қалған сұрақтар бойынша ресми сауал жіберу қажеттігін айтты.

Дархан Уәлиев – биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаматтық құқықтардың бұзылмауын үздіксіз талап етіп жүрген белсенділердің бірі. Былтыр қазан айында елде резонанс тудырған "13 белсендінің ісі" бойынша оның бостандығы бір жылға шектелген.

Қаңтардағы оқиғадан кейін туыстары мен құқық қорғаушылар оның "терроризм" бабы бойынша күдікке ілінгенін, оған ешкімді кіргізбей жатқанын хабарлаған.

Осыған дейін құқық қорғаушылар ұсталғандардың азапталуы жөнінде ақпараттарға алаңдаған, биліктен ұсталғандардың құқықтарын бұзбауды талап еткен.

Елде Дархан Уәлиев сияқты қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып, қаңтардағы оқиға бойынша қылмыстық іске тартылған белсенділер көп екені айтылады. 15 қаңтарда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында "ұсталғандардың көбін білемін. Олар көптен бері бейбіт наразылықтарға қатысып, азаматтық ұстанымын айтып жүр. Олардың әрқайсысының терроризмге қатысы жоқ екеніне кепіл бола аламын" деп жазды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 700-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде терроризм бабы бойынша - 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 780 адам күдікті ретінде ұсталған.

Жүздеген белсенді "бейбіт митинг заңын бұзды", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен жазаланған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG