Accessibility links

Ферғаналық отбасы қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жоғалған туысын іздеп жүр


Өзбек мигранты Зиеджон Қошқаров отбасымен бірге.
Өзбек мигранты Зиеджон Қошқаров отбасымен бірге.

43 жастағы өзбек мигранты Зиеджон Қошқаров Қазақстанда қаңтардың басында болған наразылықтар кезінде із-түссіз жоғалып кетті. Ферғанадағы туыстары оның қайда екенін білмейді.

Алты баланың әкесі Зиеджон Қошқаров 5 қаңтарда Алматы қаласының маңындағы жұмысқа кеткеннен үйге оралмаған. Туыстары оның қайда екенін әлі күнге дейін білмейді.

Қазақстанның құқық қорғау органдары елдегі тәртіпсіздіктерге қатысқандарды іздестіріп жатқанын мәлімдеді. Полицияның хабарлауынша, Нұр-Сұлтан қаласында өткен аптада көші-қон заңдарын бұзған 18 өзбек азаматын ұстаған.

Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі көрші республикадағы оқиғалар кезінде ұсталған өзбекстандықтар туралы мәлімет жоқ деп отыр.

Өзбекстанның Ферғана облысы Фуркат ауданында туған Зиеджон Қошқаров бірнеше жыл бұрын Қазақстанға жұмысқа кеткен, біраз уақыттан соң осы елдің азаматы Светлана Сәрсенбаеваға үйленген. Олар алты баланы асырап отыр.

Зиеджонның әйелі Светлана күйеуінің қайда екенін жиырма күннен бері біле алмай отыр.

– 5 қаңтарда, шамамен таңғы сағат 9-да үйден шықты, жұмысқа баратынын айтты. Күйеуім Өзбекстан азаматы, мен Қазақстан азаматымын. Алты баламыз бар. Ол Алматыда құрылыста істейді. Түсте ол телефонмен хабарласып, адамдарды Қалқамандағы блокпосттан жібермей жатқанын айтты. Содан бері хабар жоқ. Алматыдағы полиция бөлімшелерінің бәріне бардым, бірақ бәрі күйеуің жоқ деп жауап берді, - дейді өзбек мигрантының әйелі.

Қазақстан билігі қаңтар айының басында болған оқиғаларға "сыртқы күштер" кінәлі деп мәлімдеген. Республикадағы наразылық 2 қаңтарда газдың қымбаттауынан басталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, Қазақстандағы тәртіпсіздіктерге Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінің қарулы содырлары қатысты деп мәлімдеді, бірақ бұған нақты дәлел әлі жарияланған жоқ.

Мұның алдында билік Қырғызстандағы танымал джаз музыканты Викрам Рузахуновты "террористік шабуылға" қатысу үшін жалданған адамдардың бірі ретінде таныстырған. Қазақстандық құқық қорғау органдары түсірген видеоны мемлекеттік телеарналардың бірі көрсетті. Артынша Қырғызстанның сыртқы істер минстрлігі Қазақстанға нота жолдады. Рузахунов алматылық тергеу изоляторынан босатылып, еліне жіберілді. Музыкантты абақтыда азаптаған.

Қарай отырыңыз: Қырғызстаннан келген музыкант қалайша "тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіге" айналды? (11 қаңтар 2022 жыл).

 Қырғызстаннан келген музыкант қалайша "тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіге" айналды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

Қырғызстан билігінің мәліметінше, осы елдің тағы бір азаматы Шолпонбек Сыдықов Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен ұсталған, полиция бөлімінде соққыға жығылған. Өткен аптада Бішкекке жеткізілген ол ауруханада емделіп жатыр.

Қазақстанның құқық қорғау органдары елдегі тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен 10 мыңға жуық адамды ұстағанын, жүздеген қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Бас прокуратура қаңтардағы оқиға кезінде кем дегенде 227 адам қаза тапқанын жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG