Украина Ұлттық гвардиясы жедел қызметінің әскери қызметкері Днепрде жанындағы бес солдатқа оқ атты деп, хабарлады Украина Ішкі істер министрлігі.
Атыстың салдарынан бес адам опат болған. Арасында әскерге қатысы жоқ әйел де бар. Тағы бес адам жарақат алған. Қайғылы оқиға 27 қаңтарда таңертең "Южмаш" машина құрылыс зауытының аумағында болған. Күдікті ұсталған.
"2001 жылы туған Ұлттық гвардияның әскери қызметкері қару-жарақты тапсыру кезінде белгісіз себеппен Калашников автоматымен Ұлттық гвардия қарауылын оқ жаудырған" делінген ІІМ хабарламасында.
Солдаттың оқ атуына қандай жайттар түрткі болғаны белгісіз.
Украина ішкі істер министрі Денис Монастырскийдің айтуынша, күдіктіге психиатрия сараптамасы жүргізіледі. Бұған қоса, әскери қызметкерді оқ атуға итермелеген жайттарды анықтау үшін комиссия құрылады.
Күдікті былтыр күзден бері Украина Ұлттық гвардиясында қызмет еткен. Солдаттың ақыл-есінде қандай да бір ауытқушылық байқалмаған. Осы уақытқа дейін жақсы жағынан көрінген.
ПІКІРЛЕР