Accessibility links

Ресейдің көп құпиясын ашқан «селфи-солдаттар»


Ресей солдаттары "Бук" зымыран құрылғысының алдында суретке түсіп тұр.
Ресей солдаттары "Бук" зымыран құрылғысының алдында суретке түсіп тұр.

Ресейдің қорғаныс министрлігі келісім-шарт бойынша қызмет істейтін әскерилердің жариялаған мәліметтері туралы есеп беруін талап ететін федералдық заң жобасын әзірледі. РБК телеарнасының хабарлауынша, қорғаныс министрлігі әскерилердің әлеуметтік желілерде бөлімшесінің нөмірін көрсетуіне, тұрған жері туралы мәлімет беруіне, құпия құжаттар мен нысандардың қасында суретке түсуіне тыйым салып, «ақпараттық қауіпсіздікті» қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Мамандар Ресей әскерилерінің Украинаның шығысындағы конфликтіге қатысқанын, Малайзия ұшағын атып құлатты делінген «Бук» зымыран құрылғысының Донбасқа көрші елден әкелінгенін Ресей солдаттары мен офицерлерінің әлеуметтік желілерде жариялаған суреттерінің арқасында анықтаған. Сондай-ақ Ресей солдаттарының Сирияда құрлықтағы операцияларға қатысқаны да әлеуметтік желідегі суреттердің арқасында жалпақ жұртқа аян болған.

Ресей әскерилері жариялаған суреттердің арқасында әшкере болған жайттарды тізбелеп көрейік.

«БОИНГТЫ» АТЫП ҚҰЛАТҚАН «БУК»

Малайзия әуе компаниясының «Боинг-777» ұшағының апатына Ресейдің қатысы бар-жоғын зерттеген белсенділерге солдаттардың әлеуметтік желілерде жариялаған суреттері көп көмегін тигізді. Bellingcat тергеу тобы әскерилердің ашық жариялаған суреттерінің арқасында «Бук» зымыранының Ресейдің орталығынан Украинаның шығысына жеткізілгенін анықтады. Бұған қоса олар зымыран қондырғыларының (соның ішінде «Боингты» атып құлатқан құралдың) Курскідегі 53-бригадаға тиесілі екенін де дәлелдеп берді.

СОЛДАТ ДАМБАЕВТЫҢ АҚ ЛЕНТАСЫ

Америкалық журналист Саймон Островскийдің «Селфи-солдаттар» деген фильмі Ресей солдаттарының селфи суреттері негізінде талай құпияны ашқан ең әйгілі туынды болды. Журналист «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен Бурятиядағы 37-мотоатқыштар бригадасының танкисті Бато Дамбаевтың профилін тапқан. Дамбаев Ресейдің түрлі аудандарында және Украинаның Донецк облысына қарасты Углегорск қаласындағы қираған блокпостта түскен суреттерін жариялаған. Дамбаевтың қолына таққан ақ лентасы – Донбастағы Ресей әскерилері мен сепаратистердің айрықша белгісі. Украина армиясы мен ұлттық гвардия сарбаздары сары лентаны пайдаланған.

Саймон Островский «Селфи-солдаттар» фильмін түсіру барысында танкист Бато Дамбаев суретке түскен орындарға, соның ішінде Углегорскідегі блокпостқа барып, дәл сондай фотолар түсіріп, оны «ВКонтакте» желісіне жариялады. Содан соң Дамбаев тұратын Улан-Удэ қаласына арнайы ұшып келіп, солдатқа сол суреттерді көрсеткен. Бірақ Дамбаев Украинада әскери қызметте болғанын бәрібір мойындамай қойған.

Бато Дамбаевтың Украинада түскен суреті.
Бато Дамбаевтың Украинада түскен суреті.

Ал Bellingcat сарапшылары Дамбаевтың хаски итімен түскен суреттерін пайдалану арқылы оның Украинада болғанын тағы бір рет дәлелдеген.

ГРИВНА ЖӘНЕ ШЕКАРА БЕЛГІСІ

InformNapalm халықаралық тергеу тобының белсенділері 2014 жылы қыркүйекте «ВКонтакте» әлеуметтік желісінен Ресейдің Самара облысына қарасты Рощинский кентінде орналасқан 15-мотоатқыштар бригадасының бірнеше сарбазының профилін тапты. Олар украин тілінде жазу жазылған шекара белгісінің қасында, қолдарына Украинаның ұлттық валютасы – гривна ұстап тұрған суреттерін жариялаған. Ол кезде Украинаның шығысындағы сепаратистер басып алған аймақтарда есеп айырысу үшін гривна қолданылатын. Бір суретте солдаттар Луганск облысының Краснодон қаласындағы «ЛНР» әскери комендатурасының есігіне жапсырылған хабарландырудың қасында тұр.

СИРИЯДАҒЫ СОЛДАТТАР

Ресей біраз уақыт Сирияға тек қару-жарақ жібергенін, әскерінің онда бармағанын айтып келді. Алайда Сирияның Тартус қаласындағы әскери теңіз күштерінде селфиге түсіп, оны интернетте жариялаған солдаттардың суреттері Мәскеудің өтірігін әшкереледі. Мәселен, Conflict Intelligence Team халықаралық тергеу тобы 810-теңіз жаяу әскер бригадасы сарбазы Максим Мажниковтың Сирияда түскен біраз фотосын тапты. Бір суретте солдат кемемен Босфор бұғазында жүзіп бара жатса, енді бір суретте ол Тартус қаласында Башар Асад пен Владимир Путинді мадақтайтын плакаттың жанында тұр.

ОТАН ҮШІН, АСАД ҮШІН!

Мәскеу Сирияға әскер кіргізгенін мойындаған соң InformNapalm және Conflict Intelligence Team топтары олардың Ресей қорғаныс министрлігі айтқандай тек Латакия аймағындағы Хмеймим әуе базасын қорғаумен шектелмегенін дәлелдеді. Олар интернеттен Кемеров облысындағы 74-мотоатқыштар бригадасының келісім-шартпен жұмыс істейтін сарбазы Аяс Сарыгоолдың суреттерін тапты. Бір суретте қолына пулемет ұстаған сарбаз белгісіз бір ғимараттың төбесінде тұр.

Бұл суреттің геолокациясын анықтаған белсенділер оның әскери базада түсірілмегеніне көз жеткізді. Олар Ресей сарбаздарының Хмеймимдегі базадан шығып, Башад Асад армиясына көмектесу үшін ұрыс аймағына барғанын суреттердің түсірілген жері арқылы дәлелдеді.

XS
SM
MD
LG