Accessibility links

Ресейдің соғыс медальдерін санаудан шыққан қорытынды


Ресей президенті Владимир Путин ішкі әскер капитаны Андрей Пелиховқа орден тапсырып тұр. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин ішкі әскер капитаны Андрей Пелиховқа орден тапсырып тұр. (Көрнекі сурет)

Bellingcat зерттеу тобы әлеуметтік желілерде жарияланған медальдардың фотосуреттері Украина шығысындағы соғысқа мыңдаған ресейлік солдат қатысқанын көрсететінін мәлімдеді.

Халықаралық Bellingcat зерттеу тобы ресейлік әскерилер 2014-2015 жылдары әлеуметтік желілерде жариялаған мемлекеттік наградалардың фотосуреттерін талдау нәтижелерін жариялады. Суреттердің көбінде медальдің бірегей реттік нөмірі көрінеді. Зерттеу авторлары әлгі нөмірлерді салыстыру арқылы Донбастағы соғыс кезінде марапатталғандар саны алдыңғы жылдарға қарағанда күрт көбейген деген қорытынды жасаған. Осы деректер негізінде Украинадағы соғысқа 2 мыңнан 10 мыңға дейін ресейлік әскери қатысқан деп болжауға болады.

Украинадағы соғысқа нақты қанша ресейлік әскери мен ерікті қатысқаны немесе қатысып жатқаны белгісіз. Көптеген айғаққа қарамастан, Мәскеу жанжалға қатысы бар екенін бұрынғыша теріске шығарып келеді. Ресейдің соғысқа араласқаны Украина армиясының тегеуірініне төтеп бере алмаған сепаратистердің бақылауындағы территория тарыла бастағаннан кейін, яғни 2014 жылдың жазы мен күзінде анық байқалды. Ол кезде өз-өзін «халық республикасы» деп жариялап алғандардың армиясы Дебальцево, Иловайск түбінде Украинаның қарулы күштеріне ауыр соққы берген.

Бурятиялық танкист Доржи Батомункуевтің тағдыры, Украинада жүрген ресейлік солдаттардың әлеуметтік желілерде жариялаған көп фотосуреттері, «Бук» қондырғысынан атып түсірілген «Боинг» ұшағы сияқты айғақтардың ешқайсысы Ресейді жанжалға араласқанын ресми мойындата алмады. Енді 2014-2015 жылдары Ресейде табысталған мемлекеттік наградалар тағы бір айғаққа айналып отыр.

Bellingcat тобының жаңа баяндамасында қайталанбайтын реттік нөмірі бар 4 түрлі мемлекеттік награда талданған. Белгілі бір кезеңде қанша медаль табысталғанын әлгі нөмірлер мен марапаттау күнін салыстыру арқылы білуге болады. Украинадағы жағдайға дейін және Ресей мен Грузия арасындағы соғысқа дейін мұндай мәліметтер «Военно-исторический журнал» сияқты басылымдарда кейде жарияланып тұратын. Бірақ 2008 жылдан кейін марапатталғандар саны жайлы ақпарат ашық дереккөздерден мүлде табылмайтын болды.

Комбриг медальмен түскен фотоларыңды жариялауға болмайды деді емес пе!

Ресейдің әскери басшылығы мұндай ақпаратты жұртқа жариялау қауіпті екенін түсінетінін әскерилердің әлеуметтік желілердегі комментарийлерінен де байқауға болады. Олардың бірі «ІІ дәрежелі жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің фотосуретін «ВКонтакте» желісінде жариялаған қызметтесіне «Комбриг медальмен түскен фотоларыңды жариялауға болмайды деді емес пе!» деп жазған. Bellingcat жаңа зерттеуінің авторлары «Бұл қайран қалдырады, өйткені медальды ерлігі үшін табыстайды ғой, бұл - ашық әрі мақтанышпен тағып жүретін белгі. Шамасы, наградаларды жұртқа көрсетпеудің бір сыры бар» деп жазады.

Ресейлік әскерилердің медаль суретінің астына бір-біріне жазған ескертулері. (скриншот)
Ресейлік әскерилердің медаль суретінің астына бір-біріне жазған ескертулері. (скриншот)

Бірақ «Жауынгерлік айбыны үшін» («Айбын» медалі) медалінің реттік нөмірі болмайды, сондықтан Bellingcat тобы өз зерттеуінде мұндай наградалардың фотосуреттерін пайдаланбаған. Донбастағы соғысқа әлдебір қатысы болуы ықтимал ресейлік әскерилердің санын нақтылау үшін Bellingcat тобы мен оған көмектескен белсенділер, блогерлер Ресей армиясының әскери қызметшілеріне табысталған өзге төрт медальдің куәліктерін зерттеп шыққан.

«Жауынгерлік ерлігі үшін»

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі медалі әскери қызметшілерге ғана әрі соғыс қимылдарына қатысқаны немесе жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін ғана беріледі. 2003 жылғы наурыздың 31-інде, яғни екі шешен соғысынан кейін бекітілген бұл медальдің реттік нөмірі бар. Кезінде оны 2008 жылы Ресейдің «Грузияны бейбітшілікке мәжбүрлеу» операциясына қатысқандарға да табыстаған.

"Жауынгерлік ерлігі үшін" медалінің сипаттамасы. (Скриншот Bellingcat есебінен алынды)
"Жауынгерлік ерлігі үшін" медалінің сипаттамасы. (Скриншот Bellingcat есебінен алынды)

2008 жылдан бастап 2015 жылғы қыркүйекке дейін (Сириядағы соғысқа Ресей енді араласқан кез) Ресей әскерлері ешқандай қарулы қақтығысқа қатысқан жоқ. Бірақ ресми дерекке сәйкес, Ресейдің құрлық әскерлері қазір Сирияда да соғысып жатқан жоқ. Бірақ бұл фактілерге қарамастан, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттау 2014 жылы күрт көбейіп, ал награданың көбі 2015 жылдың қыркүйегіне дейін берілген. Белсенділер 2014 жылғы қарашаның 7-сінде табысталған 2464 нөмірлі медальдің фотосуретін тапқан. Табысталған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі нөмірлері 2015 жылғы тамызда 6000-ға жуықтаған. Демек 2014 жылдың күзіне қарай, яғни «ДХР» мен «ЛХР» сепаратистері ертеректе айырылып қалған территориялардың көп бөлігін Украина армиясынан тартып алғаннан кейін және Ресей Сириядағы соғысқа араласқанға дейінгі аралықта 3,5 мыңға жуық медаль табысталған. Бұл медаль соғыс қимылдарына қатысқаны үшін ғана беріледі, ал бұл кезеңде Ресейдің ешқандай соғыс қимылдарын жүргізбегені белгілі.

Ресейлік жауынгерлерге 2014-2015 жылдары берілген "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалінің суреті.
Ресейлік жауынгерлерге 2014-2015 жылдары берілген "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалінің суреті.

«Ерлігі үшін»

«Ерлігі үшін» медалі - Bellingcat тобы зерттеуінде аталған ең жоғары дәрежелі мемлекеттік награда. Бірақ оның «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінен өзгешелігі, оны әлдебір соғыс қимылдарына қатысқаны үшін ресейлік әскерилер ғана емес, ерлік жасаған өзге жандар да алуы мүмкін. «Ерлігі үшін» медалі 1994 жылы бекітілген.

"Ерлігі үшін" медалінің сипаттамасы.
"Ерлігі үшін" медалінің сипаттамасы.

Әлеуметтік желілерден 2014-2016 жылдар аралығында табысталған жеті медальдің куәлігі табылды. 2014 жылы табысталғаны анықталған медальдардың алғашқысының реттік нөмірі - 64145. Ал 2014 жылдың желтоқсанында табысталған екі медальдің нөмірлері - 65059 және 65392. 2015 жылы табысталған медальдардың бірі маусым айында, бірі – тамызда, екеуі қарашада табысталған. Баяндама авторларының мәлімдеуінше, соңғы анықталған медаль нөмірі – 66613. Сонымен 2014 жылдың қыркүйегінен бастап Сириядағы соғысқа Ресей араласа бастағанға дейінгі аралықта 2300-ге жуық «Ерлігі үшін» медалі табысталған.

Мұның аз немесе көп екенін қалай білуге болады? Bellingcat тобы ашық дереккөздерден (әлеуметтік желілер мен салалық форумдарда жарияланған медальдар мен награда кітапшаларының фотосуреттері ) тапқан дерекке сәйкес,2009-2013, яғни «бейбіт» жылдары күніне орта есеппен 1,4 «Ерлігі үшін» медалі табысталған. Ал 2014 жылғы қыркүйектен 2015 жылғы қарашаға дейін күніне 6,5 медальдан табысталған.

Суворов медалі

Суворов медалі – көбінесе ресейлік әскерилерге табысталатын мемлекеттік награда. Алдыңғы медаль сияқты ол да соғыс қимылдарына қатысы жоқ ерлік жасағандарға табысталуы мүмкін. Суворов медалі 1994 жылы бекітілген. Bellingcat баяндамасы авторлары «Ерлігі үшін» медалі сияқты Суворов медалі де Шешенстандағы соғыстар мен 2008 жылғы Ресей-Грузия соғысына қатысқандарға жиі табысталған деп болжайды.

Суворов медалінің сипаттамасы.
Суворов медалінің сипаттамасы.

Ашық дереккөздерден 2014-2015 жылдары табысталған 13 медальді табудың сәті түскен. Олардың алғашқы және соңғысының реттік нөмірлеріне қарағанда, 2014 жылдың қарашасынан 2015 жылдың желтоқсанына дейін 2570 Суворов медалі табысталған. 2014-2015 жылдары бір күнде табысталған Суворов медалі саны тіпті екі шешен соғысы кезінде табысталған медаль санынан да асып түседі. 1994-2014 жылдар аралығында күніне шамамен 5,5 медаль, ал 2014 жылғы қарашаның 24-інен 2015 жылғы желтоқсанның 8-іне дейін күніне шамамен 6,8 медаль табысталған. 2015 жылғы ақпаннан кейін Суворов медалімен марапаттау саны азайған.

Жуков медалі

Жуков медалі - Bellingcat тобы зерттеп шыққан наградалардың ішіндегі ең «кішісі». Алдыңғы екі медаль сияқты ол да соғыс қимылдарына қатысқаны үшін ғана емес, өзге ерлік істері үшін де табысталады. Бірақ оның маңызды бір ерекшелігі бар, яғни 2010 жылы медальдерді реттік нөмірлеу қайта нөлден басталған. Бұл жайт Украинадағы соғыс кезінде берілген наградалар санын бейбіт уақытта берілген медальдар санымен үлкен дәлдікпен салыстыруға мүмкіндік береді, өйткені жаңа нөмірлерге екі шешен соғысы да, Грузиядағы соғыс та енбеген.

Жуков медалінің сипаттамасы.
Жуков медалінің сипаттамасы.

Зерттеушілер 2014 жылғы желтоқсанның 12-сінен 2015 жылғы желтоқсанның 8-іне дейін берілген төрт Жуков медалінің куәлігін тапқан. Олардың біріншісінің нөмірі – 277, ал соңғысы – 1349. Яғни небәрі бір жылда мыңнан аса медаль табысталған. 2014 жылғы желтоқсанның 12-сінде табысталған медаль нөміріне қарағанда, нөмірлеу қайта басталған 2010 жылдан бергі төрт жылда Жуков медалімен небәрі 277 адам марапатталған.

Қорытынды

Зерттеу авторлары «Егер 2014-2015 жылдары табысталған медальдар саны бұған дейін табысталған медальдар санымен салыстырғанда кенеттен әрі күрт өссе, осы екі жыл ішінде Ресей қандай жарияланбаған соғысқа қатысты?» деген орынды сауал жолдайды. Bellingcat сарапшыларының мәлімдеуінше, Ресей әскерилерін медальмен марапаттау Донбастағы соғыс шиелініскен 2014 жылдың жаз, күз айларында күрт артқан. Зерттеу авторларының пікірінше, бұл жайт Донбаста кемі 3-4 мың (2014-2015 жылдары осынша адам «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған) Ресей солдаты мен офицері соғысқан деген болжамды тағы растайды. Ал ең көбі – 10 мың адам қатысқан деп болжанады. Бұған қоса, баяндама авторлары 2015 жылғы ақпанда қол қойылған қорытынды Минск келіссөзінен кейін де Ресей армиясы Украинадағы соғысқа қатысқанын наградалар статистикасы көрсетеді деп мәлімдейді.

Марк Крутовтың мақаласы орыс тілінен аударылды

XS
SM
MD
LG