Accessibility links

Цифрлық зерттеу Украинадағы соғыс шындығын ашты


Станислав Тарасов есімді орыс солдаты.
Станислав Тарасов есімді орыс солдаты.

Ресей президенті Владимир Путин «Украинадағы ұрыстарға еш қатысымыз жоқ» дегенді жиі қайталайды. Цифрлық сараптамамен айналысатын зерттеушілер тобы «Путин өтірік айтады» дейді.

2014 жылдың маусым айында Станислав Тарасов есімді орыс солдаты әлеуметтік желілерде егістік даласы бар жоталы жерде, шашырай орналасқан жер үйлердің қасында әскерилермен бірге түскен суретін жариялаған.

Оның осы бір қарапайым суретін жіті талдап, шағын зерттеу жүргізген журналистер бір ғана суреттің арқасында Ресей үкіметінің «Украинадағы соғысқа әскери тұрғыдан араласып жатқан жоқпыз» деген сөзінің жалған екенін дәлелдеді.

Bellingcat аталатын еріктілер тобы Atlantic Council кеңесіне арнап «Жазық жерде жасырыну: Путиннің Украинадағы соғысы» деген тақырыппен зерттеу құжаттарын жинақтады.

Цифрлық сараптама жүргізу арқылы әлемде болып жатқан қақтығыстар туралы ақпарат жинайтын Bellingcat зерттеушілер тобы Украинаның шығысындағы қақтығысқа жіті назар аударған еді. Олар «Бұл соғысқа Ресей әскері қатысып жатыр ма, жоқ па?» деген сұраққа жауап іздеумен қатар, былтырғы Малайзия ұшағы апатына қатысты тың мәліметтер де жинап жатыр.

Британдық сарапшы және Bellingcat тобының негізін қалаушы Элиот Хиггинс.
Британдық сарапшы және Bellingcat тобының негізін қалаушы Элиот Хиггинс.

Осы айдың соңына қарай бұл топ MH17 рейсі (Малайзия) ұшағының құлауына қатысты зерттеу нәтижелерін жарияламақ. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, сол зерттеуде олар ұшақтың сепаратистерге Ресей берген БУК зымыран атқышымен атып құлатылғанын түрлі мысалдармен дәлелдеген.

Ресей үкіметі Украинадағы соғысқа қатысып жатпағанын жиі қайталайды. Кремль бұл қақтығысты Украинаның өз ішіндегі азамат соғысы деп сипаттайды. Ресей президенті Путин сәуірдің 16-сы күні «Украинада Ресей әскері жоқ деп бүкпесіз, ашық айта аламын» деп мәлімдеген. Ресейдің әскери басшылығы «Малайзия ұшағын Украина қорғаныс күштері атып құлатты» деген болжам айтқан.

«ҚЫЗЫҚ ТА ОҢАЙ ЗЕРТТЕУ»

Bellingcat тобының ерікті сарапшысы Эрик Толер Азаттыққа берген сұхбатында:

- Тарасовтың суретін зерттеу бір жағынан қызық, бір жағынан тым оңай болды. Суреттердің түсірілген жерін табу қиын болған жоқ, себебі ол Украина жерін атқылап жатқан артиллерия бейнеленген [басқа бір] суретінде географиялық белгілерді өзі берген. Ондағы үйлер, жолдар және егістік белгілерін салыстыру арқылы фотоның түсірілген нүктесін анықтадым. Бұл – күнделікті істеп жүрген шаруам, түк қиындығы жоқ, – деді.

Оның айтуынша, «зерттеудің қызық тұсы өзі тапқан мәліметтерді интернетке жариялағаннан кейін басталған». Яғни, оқырмандар басқа да бұлтартпас айғақтармен бөліскен. Сол ақпарат алмасудың арқасында олар суреттің Украина шекарасына жақын маңдағы Ресейдің Павловка селосында түсірілгеніне көз жеткізген. «Ресей күштері Украина жерін сол тұстан атқылаған» деп пайымдайды Bellingcat зерттеушілері.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналып, Bellingcat тобына біріккен 10 ерікті – интернеттегі нөпір ақпараттың ішінен қажеттісін там-тұмдап жинауды кәсіп еткен цифрлық сараптама журналистикасы шеберлері.

«Цифрлық сараптама журналистикасы видео мен фото түсірілген орындарды «геолокация» әдісі арқылы анықтауға машықтанған. Геолокация техникасы фотографияның геотэгі (суреттің түсірілген орны туралы компьютердің жадында жазылатын ақпарат) болмаған күннің өзінде, бейненің қай жерде түсірілгенін дәл анықтауға мүмкіндік береді» деп түсіндіреді Atlantic Council.

Bellingcat тобының сарапшысы Эрик Толер.
Bellingcat тобының сарапшысы Эрик Толер.

Шығыс Украинаға қатысты зерттеу жүргізгенде сарапшылар Google map карталарын, спутник арқылы түсірілген суреттерді және басқа да жария ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді пайдаланған. Сол арқылы олар Ресейдің әскери бөлімшелері солдаттарының Украина-Ресей шекарасы маңында нақты қай жерінде тұрғанын анықтап берген.

Сарапшы Толер «Bellingcat Ресейдің тұрақты әскери күштерінің Украинадағы соғысқа қатысқанын толық дәлелдеп берді» дейді. Әсіресе, 2014 жылдың тамызында украин әскері Иловайск қаласына шабуылдап жатқан сәтте және 2015 жылдың ақпан айында Дебальцево түбінде болған ұрыста «Ресей әскері белсенділік көрсеткен» дейді ол.

«РЕСЕЙ ӘСКЕРІНІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ»

– Ол жақта қазір де Ресей солдаттарының жүргені анық, бірақ 2014 жылғы тамыз бен 2015 жылғы ақпандағыдай жаппай жұмылдырылып жатқан жоқ, – дейді Толер.

Канзас штатында тұратын, жасы 20-дан енді асқан жас жігіт үшін Ресейдің «ВКонтакте», «Одноклассники» сияқты әлеуметтік желілерін ақтарып, қажетті ақпаратты там-тұмдап жинау бірталай көп шаруа екені рас. Бірақ Толердің өзі онша қатты қинала қойған жоқпын дейді.

– Бұл жағынан тәжірибем көп. Университетте НКВД-ның жүздеген құжаттарын аудардым. Таныс емес жаргон сөздер, шимай-шатпақ жазулар көп болғандықтан, ол жұмыс өте қиын болды. Ал бұл шаруа одан әлдеқайда оңай, себебі білмеген сөздерімді Google-ден қарай саламын немесе орыстардан, украиндардан сұраймын, – дейді Толер.

Оның айтуынша, цифрлық сараптаманың ең үлкен артықшылығы – ақпаратты ашық жариялауы, ал ол «сараптаманы ашық тәсілмен жүргізуге мүмкіндік береді».

– Егер жұрт Bellingcat сарапшысы жасаған зерттеу нәтижелерімен келіспесе, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Дәл сол ақпаратты олар да көріп отыр, сондықтан көбіне керісінше олар бізге көмектесе алады, - дейді Толер.

Дегенмен америкалық жас зерттеуші қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға реалистік көзқараспен қарайды. Сондықтан өзінің атқарып жатқан жұмысы, қолданатын зерттеу техникасы әлемдегі ахуалды өзгертуге аса көп әсер ете алмайтынын түсінеді.

— Әлемді сақтап қаламын деп тым оптимист не утопист болғым келмейді. Қаншама ақиқат болса да көпшілік сенің айтқаныңды қабылдамайды, себебі адам санасын өзгерту қиын. Дегенмен ашық, жария ақпараттың қандай қуаты бар екенін түсінемін, бұл тұрғыдан аздап утопист те шығармын. Жария ақпарат халықты, әсіресе журналист, саясаткер және тарихшы сияқты адамдарды құлақтандыруда ерекше маңызды рөл ойнайды. Үгіт-насихатпен күресудің басты жолы – оған өз насихатыңды қарсы қою емес, ақпаратты ашық жариялау. Бұл халықтың өзінше тұжырым жасауына мүмкіндік береді, - дейді Эрик Толер.

Дмитрий Волчек пен Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG