Accessibility links

Комиссия: "Ұшақты атқан зымыран - Ресейден"


MH17 ұшағының атып түсірілуін тексеру комиссиясы қорытындысын жариялап тұр. Нидерланд, Ньювегейн, 28 қыркүйек 2016 жыл
MH17 ұшағының атып түсірілуін тексеру комиссиясы қорытындысын жариялап тұр. Нидерланд, Ньювегейн, 28 қыркүйек 2016 жыл

Халықаралық тексеру тобы 2014 жылы малайзиялық ұшаққа зымыран атылған жерді анықтап, зымыран атқыш "Бук" кешені Ресейден келгенін хабарлады. Ресей тексеруден "саяси реңк" көреді.

Қыркүйектің 28-і күні Нидерландтағы Ньювегейн қаласында Халықаралық тексеру тобы 2014 жылы Украинаның шығысындағы Донецк облысында атып түсірілген Малайзияға тиесілі MH17 рейсті Boeing 777 жолаушылар ұшағына қатысты тергеу қорытындысын баспасөз мәслихатында жариялады. Тексерушілер жолаушылар ұшағына зымыран Снежное қаласынан алты шақырым жердегі Первомайск елді мекенінен атылғанын мәлімдеді. Бұл аймақ 2014 жылдан бері ресейшіл сепаратистердің бақылауында. Тексерушілер келтірген дәлел бойынша, зымыран ататын "Бук" кешені Украинаға Ресейден жеткізілген және ұшақты атып түсірген соң Ресейге қайта оралған.

Нидерландтың бас прокуроры Фред Вестербек "ұшақ өзге жағдайда апатқа ұшыраған", "ұшақ ішінде теракт болған" немесе "басқа ұшақ шабуыл жасаған" деген болжамдарды жоққа шығарып, бұл шешіммен Ресейдің келіскенін хабарлады. Вестербек ресейліктердің "зымыран Зарощенское елді мекенінен атылды" деген уәждері расталмағынын айтты. Тексерушілер үшін зымыранды сепаратистердің өздері атқаны немесе оларға Ресей әскері көмектескені әзірге анық емес. Тексеру ісіне ұшақты атып түсіруге қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген жүз шақты адам тартылған.

Комиссия баспасөз мәлихатында бұлтартпас айғақтың бірі ретінде 2014 жылғы шілденің 16-17 күндері сепаратистердің ресейлік "Бук" қондырғысы туралы телефон арқылы айтқан әңгіме үзіндісін келтірді.

Халықаралық комиссия мүшелерінің MH17 ұшағының қалдығын тексеруп тұрған сәті. Шығыс Украина, тамыз 2014 жыл
Халықаралық комиссия мүшелерінің MH17 ұшағының қалдығын тексеруп тұрған сәті. Шығыс Украина, тамыз 2014 жыл

Халықаралық тексеру комиссиясы қорытындысын Гаага халықаралық сотына тапсырмақ. Соның негізінде ұшақты атып түсіру бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Тексеру тобының құрамына БҰҰ қауіпсіздік комитетінің қарарына сәйкес Нидерланд, Австралия, Малайзия, Бельгия және Украина елдерінің өкілдері кірген.

Дүйсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі зымыран ұшуын анықтайтын радарларға түскен мәлімет қорын жариялап, "ракетаның сепаратистер аймағынан атылмағанын" хабарлаған болатын. Сәрсенбіде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қорғаныс министрлігінің мәлімдемесін қолдап, "айғақтар күмән тудырмайды" деді. Ал Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова MH17 ​ұшағын атып түсіруге қатысты тексеру тобының тұжырымы өзгермегеніне қынжылыс танытып, Нидерланд прокуратурасы тергеуді "бір жақты", "саяси реңкпен қарағанын" хабарлады.

Malaysia Airlines компаниясының Boeing 777 ұшағы 2014 жылы шілденің 17-сі күні Амстердамнан Куала-Лумпурға MH17 рейсін орындау үшін ұшып шыққан. Ұшақ Украинаның оңтүстік-шығысында қақтығыстар жүріп жатқан Донецк облысының үстінде атып түсірілген.

Ұшақтағы 298 адам түгел қаза тапты. Олардың көбі - Нидерланд азаматтары. Бұл жағдай авиация тарихындағы ең ірі 10 қаралы оқиғаның біріне айналды.

XS
SM
MD
LG