Accessibility links

АҚШ Ресейдің "қауіпсіздікке кепілдік" туралы талабына жауап берді


АҚШ Мәскеудің "қауіпсіздікке кепілдік" туралы талабына жауап беріп, ядролық қаруды шектеу бойынша келісімге келуді ұсынған. Бұл 2019 жылы тоқтатылған Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімді қайта қалпына келтіруге түрткі болуы мүмкін. Бұл жөнінде Мәскеуге берілген құжатпен таныс дереккөзіне сүйенген New York Times басылымы жазды.

Вашингтон мен одақтастары Ресеймен әскери жаттығу өткізуге шектеу қою мәселесін де талқылауға дайын. Атап айтқанда, көрші елге шабуыл жасауға дайындық ретінде қабылданбас үшін әскери жаттығуларды шекара маңынан аулақ жерде өткізу мәселесі де талқылауға ұсынылған.

НАТО мен АҚШ-тың жауабына түсініктеме берген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ол жанама мәселелер бойынша едәуір маңызды сұрақтарды талқылауға мүмкіндік беретінін айтты. Оның айтуынша, НАТО-ны шығыс бағытта ұлғайтпау туралы талапқа Вашингтон оң қабақ танытпаған. Лавров келесі қадамдарды президент Владимир Путин қабылдайтынын жеткізді.

СССР мен АҚШ арасында орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар туралы келісімге 1987 жылы қол қойылған. Құжат баллистикалық және қанатты зымырандарды қару ретінде пайдалануға тыйым салады. 2018 жылы АҚШ келісімнен шыққанын хабарлаған. 2019 жылы құжаттың күші жойылды. Вашингтон Мәскеуді 9М729 зымыранын құрастырып, келісім шарттарын бұзды деп айыптаған. Ал Ресей айыпты жоққа шығарып, зымыранның ұшу қашықтығы 500 шақырымнан аспайды деп мәлімдеген.

  • АҚШ күзден бері Ресей Украинамен шекарада әскерін көбейтіп, көрші елге басып кіруі мүмкін деп қауіптенген.
  • Мәскеу шабуыл жоспары барын жоққа шығарады. Батыс елдері Ресей Украинаға басып кірсе санкция салатынын қатаң ескерткен.
  • Ресей былтыр желтоқсанда АҚШ пен НАТО-ға "қауіпсіздікке кепілдік" сұрап, бірқатар талабын жеткізген. Мәскеу атап айтқанда, НАТО ауқымын шығыс бағытта ұлғайтпау, Еуропада Американың орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарын орналастырмау және өзге де талап қойған.
  • Қаңтарда тараптар арасында келіссөз нәтижесіз аяқталды. Дегенмен тараптар келіссөзді жалғастыра беретінін айтқан.
  • 26 қаңтарда АҚШ Ресейге жазбаша жауабын жолдады. АҚШ мемлекеттік департаменті құжаттың мәтіні жарияланбайтынын және Ресей де оны құпия түрде сақтайды деп үміттенетінін жеткізген.
  • Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бейсенбі күні АҚШ пен НАТО жауабы президент Владимир Путинге тапсырылғанын және оны қарау үшін біраз уақыт кететінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG