Accessibility links

"Біз құл емеспіз". Оралда пикет өткізген белсендіні полиция ұстап әкетті


Белсенді Бекболат Өтебаев жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Орал қаласы, наурыз 2021 жыл.
Белсенді Бекболат Өтебаев жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Орал қаласы, наурыз 2021 жыл.

28 қаңтарда "Нұр Отан" съезі қарсаңында Оралда жалғыз адамдық пикет өткізген белсенді Бекболат Өтебаевты полиция ұстап әкетті. Ақпаратқа қарағанда, пикетті видеоға түсірген белсенді Маруа Ескендірованы да полиция ұстаған.

Блогер Асқар Шайғұмаров әлеуметтік желіде пикет пен полицияның белсенділерді ұстап әкеткен сәтінен видео жариялады.

"Оралда "Нұр Отан" алдында "Біз құл емеспіз" атты наразылық өтіп жатыр. Полицейлер пикетші мен оны түсірген адамды ұстап әкетті. Тоқаевша демократияның сиқы" деп жазды блогер.

Видеода белсендінің "Один сытый нуротанец 30 недоживиших до пенсии пожилых людей. На пенсию в 55 лет" ("Нұр Отанның" қарны тоқ бір мүшесі – зейнетке жете алмаған 30 адам. Зейнет жасы 55 жас болсын) деген жазуы бар плакат ұстап тұрғаны көрінеді. Ол халықтың нашар тұрмыс-тіршілігіне билікті кінәлап, "Нұр Отанның" жұмысын сынайды. Билікке бірқатар талаптарын айтады. Құқық қорғау қызметкерлері оған шараның "заңсыз" екенін айтып, ескерту жасайды. Кейін ұстап әкетеді. Шараны түсіріп тұрған белсенді Маруа Ескендірова да ұсталған.

28 қаңтарда астанада "Нұр Отан" съезі өтеді. Бұған дейін Қазақстанның түрлі өңірінде кейбір белсенділер партияны таратуды талап етіп, наразылық өткізетінін хабарлаған.

Жұма күні "Нұр Отан" съезінде "төраға сайлау" және "партия жарғысын өзгерту" мәселелеріне қоса "саяси кеңес құрамын өзгерту" де қаралмақ. Ақпаратқа қарағанда, партия съезінен тікелей эфирде хабар таратылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG