Accessibility links

Назарбаев ықпалдан айырылған соң "Нұр Отан" қатарынан шығушы көбейді


Қаңтардағы дүрбелеңде қиратылған "Нұр Отан" партиясы кеңсесінің қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 8 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтардағы дүрбелеңде қиратылған "Нұр Отан" партиясы кеңсесінің қасынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 8 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанның кемінде үш өңірінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарған "Нұр Отан" партиясы қатарынан бірнеше азамат шығып кетті. Олар партияға "сенімі сарқылғанын" айтады. Саясаттанушы мұны қаңтардағы дүрбелеңнен соң билігі күшейген Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында ұпай жинау ұмтылысы санайды.

"ТОЗЫП, КӨГЕРГЕН ІРГЕТАС"

"Елдегі әлеуметтік-саяси және экономикалық апатқа, бейбіт уақытта Қазақстан азаматтарын қазаға ұшыратқан терактілердің болуына моральдық тұрғыда сөзсіз "Нұр Отан" жауапты". Экономист Рақым Ошақбаев билік партиясының Нұр-Сұлтандағы филиалының жетекшісі Алтай Көлгіновке хатында осылай деп жазған.

Ошақбаевтың арызы әлеуметтік желіде тарап, кейін оны өзі жазғанын растады. "Теракті" деп экономист қаңтардың басында болған оқиғаны айтады. Ресми дерек бойынша, сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсылық білдірген халықтың бейбіт түрде басталған наразылығы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, 227 адам қаза тапқан.

Ошақбаев осы хатында партиядан шығатынын ескерткен. "Бұдан былай бұл ұйымға мүше бола алмаймын" дейді ол.

"Нұр Отан" партиясы – елді отыз жылдай басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өнімі. Елдің саяси өмірінде партияның ықпалы зор. Парламенттегі негізгі мандат билік партиясына тиесілі, ал жоғары лауазымды шенеуніктер түгелдей дерлік осы партияға мүше. Сондықтан елге белгілі экономистің жария түрде Назарбаевтың партиясын айыптап, оның құрамынан шығуы көпке тосын көрінді.

Партияны сынап, одан шыққанын айтқандар бұдан соң көбейе берді.

2020 жылы әлеуметтік желіде Назарбаевтың мақаласын бөлісіп, мемлекет "ірі жетістікке жетті" деп жазған Семей қалалық мәслихатының депутаты Дулат Қажмұханбет қаңтар оқиғасынан үш апта өткен соң, 24 қаңтарда партия басшылығына "сенімі сарқылғанын" айтты. Сол күні арыз жазып, партиядан шықты.

– "Нұр Отан" партиясының аймақтағы басшыларына өзіндік ой-пікірі, жеке көзқарасы бар тәуелсіз депутаттар керек емес, – дейді Қажмұханбет.

Семей қалалық мәслихатының тағы бір депутаты Айдос Қисаменов те 24 қаңтарда жазылған арызының суретін Instagram парақшасына жариялап, партиядан көңілі қалғанын баяндады.

"Қаңтардағы қайғылы оқиға бойынша "Нұр Отанның" Семейдегі филиалы, облыстық филиалы партия ретінде абыройынан жұрдай болды. Оқиғаның басынан аяғына дейін болған жайтты бір рет те талқыламадық. Депутат институтынан көңілім қалды. Жауапты сәтте әрекетсіз отырған партия филиалынан көңілім қалды. Жаңа Қазақстанды тозығы жетіп, көгерген іргетасқа орнату мүмкін емес" деп жазған Қисаменов.

Екі депутаттың арызынан соң 26 қаңтарда Семейде партиядан шығуға бір күнде 150 адам өтініш берді. Олар да "партияға сенуден қалғанын" жазды. Бірақ "Нұр Отаннан" жаппай шығу өңірдегі кәсіпкерлер мен әкім арасындағы текетірестің бір көрінісі болуы да мүмкін. Партиядан шыққан 150 адам – бұған дейін "Нұр Отаннан" шығарылған кәсіпкерлер басқаратын компаниялардың қызметкерлері.

25 қаңтарда "Нұр Отан" партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков әріптестерінің партиядан жаппай шығуына кейіп, пікір білдірді.

"Депутат болу – лауазым ғана емес, мойныңа жүктелген міндетіңді атқару. Адамдар партиямен жолымыз бір емес деп тапса, ақ жол, кете берсін. Ешкім ешкімді қинамайды" деді Чугунков.

"ТОҚАЕВТЫҢ АЛДЫНДА ҰПАЙ ЖИНАУ"

Партиядан кету үрдісі Қарағанды облысында да байқалды. 25 қаңтарда Теміртау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы 70 жастағы Рафик Ипкаев "Нұр Отаннан" шыққанын мәлімдеді. Ол да партияның орталықтағы басшылығы және филиалдарының қаңтар оқиғасы кезіндегі жұмысынан "көңілі қалғанын" айтады.

Ипкаев партияда қатарында 15 жыл болған. Жылдар бойы "Нұр Отанға" сеніп келген.

Теміртау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рафик Ипкаев.
Теміртау қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рафик Ипкаев.

– Халықтың мұң-мұқтажына жауап беретін. Елбасы (Назарбаевқа берілген, жеке басқа табынушылық белгісі саналатын мәртебе – ред.) жылдар бойы өзін бұлай ұстаған жоқ. Сондықтан аздап сенім болатын. Партия съезі кезінде не боларын көреміз. Президентіміз қайтер екен?.. Ол да партияны елемей қойса, қуанар едім. Партия өзін әбден масқаралап болды, – деді Ипкаев.

1999 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабының негізінде "Отан" партиясы болып құрылып, кейін атауы "Нұр Отан" болып өзгерген партия билікте толық үстемдік орнатты.

– "Нұр Отан" партиясы бірінші кезекте Назарбаевтың саяси билігін жүргізу үшін құрылды, – дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт. – Бірақ кейін ол қоғамдық ұйым емес, мемлекеттік бюрократиялық аппараттың бөлшегіне айналды. Министрлер мен облыс әкімдерінің бәрі міндетті түрде "Нұр Отан" мүшесі болуы міндетті нәрсе сияқты болып кетті.

Нұрсейіт мәслихат депутаттары мен белсенді партия мүшелерінің ұйымнан жария түрде кетуін "суға батып бара жатқан кемеден қашуға" теңейді.

– Бұл – популизм. Неге олар "Нұр Отаннан" қаңтар оқиғасына дейін кетпеді? Меніңше, бұл президент алдында жақсы көрініп қалу, "Нұр Отанның" қабіріне соңғы уыс топырақ салғанның бірі болдық деп ұпай жинау әрекеті, – дейді ол.

Саясаттанушы бұл үрдісті Совет одағы тарап жатқанда кейбіреулер коммунистік партиядан шыға бастаған кезге ұқсатады.

ПАРТИЯҒА НЕ БОЛМАҚ?

Қаңтардағы дүрбелең кезінде партияның төрағасы саналатын Нұрсұлтан Назарбаев жұрт алдына шықпай қойды. Баспасөз хатшысы арқылы оқта-текте хабар беріп тұрғанымен, экс-президенттің өзі мәлімдеме жасаған жоқ. Назарбаев қантөгістен кейін алғаш рет, 18 қаңтарда видеомәлімдеме жасап, өзін "2019 жылдан бері зейнеткермін" деп атағанда саясаттанушылар мұны экс-президенттің "ықпалынан түгелдей айырылғанын мойындауы" деп бағалады.

Былтыр қарашада Назарбаев "Нұр Отан" партиясы төрағалығын президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын айтқан. Жарғыға сәйкес, жаңа төрағаның кандидатурасы партия съезінде мақұлдануы керек. Съезд 28 қаңтарға жоспарланған.

Съезд қарсаңында парламент сенаты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығынан айыратын өзгерісті заңға енгізуге келісті.

2019 жылғы наурызда президенттіктен кеткен Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі конституциялық органын (көпшілік экс-президент осы өкілетін пайдаланып, мемлекеттік аппаратқа ықпал етті деп санайды) биылға дейін басқарып келді. 5 қаңтарда оқиға шиеленісіп тұрғанда президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеген. Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы "Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын тапсыру жайлы "шешімді Назарбаевтың өзі қабылдағанын" айтып, жұртты сендіруге тырысқанымен, қоғамда "Назарбаев пен Тоқаев арасында билікке талас жүріп жатыр" деген болжам айтылды.

Мәжіліс депутаттары заңға Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі және Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айыратын өзгерісті енгізуді өткен аптада мақұлдаған. Ал сенат бұған қоса "Тұңғыш президент туралы" заңнан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына байланысты бастамаларға Назарбаевтың келісімі болуы тиіс деген норманы алып тастап, 27 қаңтарда заң жобасын мәжіліске қайтарды. Енді мәжіліс құжатты президентке қол қоюға жіберуі тиіс.

Саяси дағдарыс кезінде "Нұр Отан" партиясы жетекшілері үнсіз қалды. Бірақ партияға деген сын мен ашу дүрбелең кезінде қатты өршіді. Кемінде үш қалада — Алматы, Қызылорда мен Шымкентте "Нұр Отан" партиясы ғимараттары өртеніп, қиратылды. Талдықорғанда наразы жұрт Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты, кейбір қалада көшедегі үлкен жарнамадан экс-президенттің бейнесін жойды. Сол кезде қатарында 830 мыңнан астам мүшесі бар билік партиясы ләм-мим демей, үнсіз қалды.

Мәжіліс депутаттары "Елбасы туралы" заңды өзгертті

"Назарбаевтың күні батып барады". Депутаттар "Елбасы" заңын өзгертті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

Бұған дейін билік партиясы өз мүлкіне, символдарына ыждағатпен қарайтындай көрінген. 2019 жылы маусымда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласында оқ-дәрі қоймасы жарылып, Шымкентте жүздеген адам қауіпсіз жерге көшіруді сұрап митингіге шыққанда жас жігіттің бірі партия жалауы ілінген темірге шығып кетіп, туды жұлмақ болды. Кейін тамызда өткен партия жиынында Назарбаев "Ешқайсың қыңқ демей отыра бердіңдер. Партия қайда қарап отыр? "Біз – партия мүшелеріміз, біз – "Нұр Отанбыз". Әлденеден қорқатынындай тыныш отырмыз" деп жеки сөйлеген. Кейін Шымкентке партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек барып, кеңсе кіреберісіне салтанатты түрде партия жалауын көтерген. Ал туды жұлуға ұмтылған жігіт сахнада Байбекпен қатар тұрып, көпшілік алдында кешірім сұраған еді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт қазір билік партияның емес, президенттің айналасына шоғырланған деп санайды.

– Ол кезде партия үшін бұл ("Нұр Отанның" туын жұлу әрекеті) бір символизм болды. Ал бұл жолы ғимараттары өртеніп кеткенде қандай да бір мәлімдеме жасағанын байқамадық. Бұл – қазір билік президент әкімшілігі төңірегіне шоғырланып жатқанының көрінісі, – дейді Нұрсейіт.

Жұма күні "Нұр Отан" съезінде "төраға сайлау" және "партия жарғысын өзгерту" мәселелеріне қоса "саяси кеңес құрамын өзгерту" де қаралмақ. Қазір саяси кеңес құрамында Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева (жыл басынан бері мәжіліс отырысына қатысқан жоқ, көмекшісі депутатқа коронавирус жұққан дейді), бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин бар. Назарбаевтың адамы саналатын Маминнің үкіметін президент Тоқаев қаңтарда наразылық күшейген тұста отставкаға жіберген.

Ұзақ жыл бойғы көшбасшысынан айырылған партияның ендігі тағдыры белгісіз. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "партия мүшелері Тоқаевтың не айтатынын күтіп отыр" дейді.

– Тоқаев билікте ұзақ қалуды көздесе, "Нұр Отан" партиясында косметикалық өзгерістер жасап, өз мақсатында пайдалануға тырысатын шығар. Өйткені ол партия емес, мемлекеттік аппараттың бір бөлшегіне айналып кетті. Осы уақыт аралығында мемлекеттік институт деңгейіне жетті. Барлығы президент әкімшілігінен "Нұр Отанға" қатысты қандай нұсқау болатынын күтіп отыр. Тоқаев қандай шешім қабылдаса, олар да соған қарай ыңғайланбақ, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG