Accessibility links

Үкібай "Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын Тоқаевқа өз еркімен бергенін" айтады


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта)
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта)

Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев "Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын Тоқаевқа беру туралы өзі шешім қабылдады" деген мәлімдеме таратты. Оның сөзі қазақстандық басылымдарда жарияланды.

"Елбасы елдегі тәртіпсіздік пен террор жедел, қатаң жауап беру кергін түсінді. Елбасы мен мемлекет басшысы халқын, елін, ұлтының болашағын қорғау үшін әрқашанда баррикаданың бір жағында болды" деп жазды Үкібай.

Бұған дейін Үкібай Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазған. Бірақ Назарбаев жұрт алдына 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері шықпады. Әдетте Қазақстандағы негізгі тақырыптарға пікір білдіріп отыратын ол елде қаңтардың басынан бері болып жатқан жағдайға қатысты ешқандай сөз де айтпады.

Елде жағдай ушыққан тұста интернетте Назарбаевтың шетелге кетіп қалғаны жайлы сөздер шыққан еді. Үкібай бұл сөздерді жоққа шығарып отыр.

5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

Қазір Назарбаевтың қолында "елбасы" статусы ғана қалды. Заң бойынша, бұл статус оны және оның отбасын қылмыстық қудалаудан қорғайды.

Қазақстан билігі 5 қаңтардан бері елде тәртіпсіздік басталғалы "террористер", "террористік топтар", "содырлар", "шетелден келгендер" деген сөздерді жиі қолданып келеді. Бірақ олардың нақты кімдер екені, қай елдерден келгенін ашып айтпай отыр. Ал 9 қаңтарда мемлекеттік арналар "митингіге қатысу үшін Қырғызстаннан келдім, маған 90 мың теңге береміз деп уәде етті" деген бір ер адамның сөзін қайта-қайта жариялап жатыр.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG