Accessibility links

"Балаларымыз террорист емес!" Қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың туыстары наразылық білдірді


Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды талап етті. 28 қаңтар 2022 жыл.
Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандардың туыстары жақындарын босатуды талап етті. 28 қаңтар 2022 жыл.

28 қаңтар күні Шымкенттегі "Сәуле" ықшам ауданында орналасқан ИЧ-167/11 тергеу изоляторының алдына жиналған жиырмаға жуық адам қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың ісін қайта қарауды талап етті.

Жиналғандар қолдарына "Балаларымыз босатылсын!" "Перзенттеріміз террорист емес!" "Әділдікті талап етеміз!" "Халық террорист емес!" деген жазуы бар плакаттар ұстап шықты.

- 5 қаңтар күні түнде 42 жастағы күйеуім Асан Кеңшімов жұмыстан қайтып келе жатқанда қала әкімдігі жанындағы "Метро" сауда орталығы тұсынан ұсталған. Ол тіпті видео да түсірмеген. Қалтасында телефоны болмаған. Еш дәлел жоқ. Бірақ соған қарамастан түрмеге қамап тастады. Күйеуім террорист емес. Жазықсыздарды шығаруды өтінемін, талап етемін, - дейді күдіктінің әйелі Жансая Мырзаәлиева көзіне жас алып.

Наразылар жазықтан-жазықсыз балаларының үстінен заңсыз іс қозғалды деп санайды. Олар онымен қоймай полицияның жақындарын "ұрып-соғып мойындатқанын, оқытпай әлдебір құжаттарға қол қойдырғанын" жеткізді. Өздері жалдаған адвокатты іске қатыстырмаған. Сондықтан істің әділ өтуіне сенімсіздік білдірді. Қозғалған қылмыстық істерді қайта қарауды, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жағдайға араласуын сұрады.

"Әрқайсысына 6-7 баппен қылмыстық іс қозғаған. Қолына қару былай тұрсын таяқ алмаған адамға осылай жасауға бола ма?" деді наразылардың бірі сұраулы үнмен.

Олар "балаларымыз террорист емес", "бостандық берілсін", "әділдікті талап етеміз" деп айқай салды. Оларды түрме қызметкерлері бақылап тұрды.

Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінгендердің туыстары осымен қатарынан төрт күн наразылық білдіріп жатыр. Алғашқы үш күнде олар Әл-Фараби аудандық прокуратурасының алдына жиналған. 26 қаңтарда балаларына Қазақстан халқы мен президенттің араша түруін сұраған.

14 қаңтар күні Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты құрылған штаб наразылыққа байланысты 271 адам әкімшілік қамауға, 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. 77 адамның 75-і екі айға қамауға алынған.

Шымкенттегі наразылықтар 4-6 қаңтарда өтті. 120 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бірнеше адам қайтыс болды. Қала әкімдігі мен оның жанындағы мемлекеттік мекемелер бүлінді, ондаған көлік өртенді.

Бұған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары тергеу изоляторы мен уақытша қамау орындарындағы азаптаулар мен қысым және өзге де заңсыз әрекеттерге шағымданған. Елде полиция мен күштік құрылымдардың "заңсыз әрекетіне" қатысты шағымдар көбейген шақта Бас прокуратура полицияның ұстау және тергеу кезінде "заңсыз әдістерге жүгінгенін" мойындаған. Ресми ақпарат бойынша, қазіргі кезде азаптау, ұрып-соғу мен билік өкілетін асыра пайдалану бойынша 109 шағым түскен, 11-і бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG