Accessibility links

"Тоқаев қоғамды емес, өзін таңдады". "Нұр Отан" съезінен кейінгі ой


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 мамыр мерекесіне арналған шарада. Сол жағында "Нұр Отан" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тұр. "Нұр Отан" съезінде президент аталған қызметті жою қажеттігін айтқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 мамыр мерекесіне арналған шарада. Сол жағында "Нұр Отан" төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тұр. "Нұр Отан" съезінде президент аталған қызметті жою қажеттігін айтқан.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Нұр Отан" съезінде жасаған мәлімдемесін тыңдап, қазіргі биліктен шынайы демократиялық реформалар күтудің қажеті жоқ деген қорытындыға келген.

"Нұр Отан" съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына партия төрағасы болып сайланды. Тоқаев өз сөзінде билік партиясын жаңарту қажеттігін атап өтті. Ол үшін “жеңіл-желпі өзгерістер енгізіп ғана қоймай, партия жұмысын қайта құру керек” деді.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов Азаттыққа берген сұхбатында неге Тоқаевтың сөзін саяси тұралаудың жалғасы және салмақты өзгерістерден бас тарту деп түсінетінін айтып берді.

"ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ӨЗ САЛЫҒЫНА ЕЛДЕГІ ЕҢ ЖЕМҚОР ҚҰРЫЛЫМДЫ АСЫРАП ОТЫР"

Пётр Троценко: Димаш, президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия съезінде қандай да бір салмақты мәлімдеме жасайды деп күттіңіз бе?

Димаш Әлжанов: Жоқ, әрине. Саяси жүйе құрылымы да, партия да баяғы қалпында қалды. Партия патронаж ұйым ретінде бюрократиялық аппарат пен элитаға саяси адалдығы үшін белгілі бір артықшылықтар беруге жол ашады. Осы арқылы Тоқаев Назарбаев құрған жүйе қалғанын, салмақты өзгерістер болмайтынын растады.

Пётр Троценко: Тоқаев партия жұмысы туралы айтқанда әуелі саяси ұйымның тиімсіздігін бетіне басып, кейін оны жаңартып, қайта құру керек деген сарынға көшті. Мүмкін президент шағын істерден бастап кейін үлкен өзгерістерге көшкісі келген шығар?

Димаш Әлжанов: Қазақстанда партия мен мемлекеттің бір күшке, “Нұр Отанның” бюрократияның бір бөлігіне айналуы негізгі мәселе болып отыр. Дамыған демократиялы мемлекеттерде бұлай болмайды, өйткені олар мұның мемлекетке зиян екенін, жемқорлыққа жол ашатынын жақсы біледі. Тоқаев қалыптасқан жағдайды өзгерткісі келмейді. Ол партияны жаңартуға талпыныс туралы айтты, өйткені көп жылға созылған тұралаудан кейін “Нұр Отан” да эрозияға ұшырады, бірақ асыра пайдалану мен жемқорлық негізі болған принцип өзгермейді.

Бұл жерде Тоқаев партия мен мемлекетті бір-бірінен бөліп қараймыз, партия - саяси ұйым, ол саяси кадрлар дайындап, адамдарға саяси процестерге қатысуға көмектеседі, бірақ мемлекетпен тоғыспайды десе, "революциялық мәлімдеме" жасаған болар еді.

"Нұр Отан съезі". 28 қаңтар 2022 жыл.
"Нұр Отан съезі". 28 қаңтар 2022 жыл.

Екіншіден, Қазақстанда партияларды мемлекеттік қаржыландыру жүйесі бар. Яғни, қазақстандықтар өз салығына елдегі ең жемқор құрылымдардың бірін асырап отыр. Ал Тоқаев мұны өзгерткісі келмейді.

"ЕНДІ БИЛІКТІ НЫҒАЙТУҒА, ЖҮЙЕНІ САҚТАП ҚАЛУҒА ҒАНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ"

Пётр Троценко: Мүмкін өзгерткісі келетін болар, тек бұл туралы әзірге айтпаған шығар?

Димаш Әлжанов: Қазір болмаса, қашан айтады? Мәселе Тоқаевтың өзгерістерге дайын болмағанында емес, оның бұл жүйені өзгерте алмайтынында болып отыр. Әдетте авторитар жүйелер революциялар мен төңкерістер арқылы ғана өзгереді, өйткені олар жаңа жағдайға бейімделіп, өздігінен өзгере алмайды. Мысалы, қазір Тоқаевтың міндеттемелері бар. Қауіпсіздік кеңесінің тізгіні мен барлық негізгі ресми қызметтер соның қолында, енді Тоқаевтың мойнында жауапкершілік бар, ол әділ сайлау арқылы қайта сайлана алмайды. Өйткені адамдар өздеріне қарсы ең үлкен қару қолданылғанын түсінеді. Енді Тоқаев тек билігін нығайтуға, жүйені сақтап қалуға ғана басымдық береді.

Патронаж ұйымын жаңарту оның құрылымын өзгерту дегенді білдірмейді. Демократия, әділ сайлау, заңды оппозиция пайда болмайынша, “Нұр Отан” өзгермейді. Кадрлар мен саяси кеңесті жаңарту партия қызмет ететін ортаны өзгерту дегенді білдірмейді.

Қарай отырыңыз: "Нұр Отанға" сенесіз бе? Тұрғындар пікірі (28 қаңтар 2022 жыл).

«Нұр Отанға» сенесіз бе? Тұрғындар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00

Пётр Троценко: Онда Тоқаев партияны жаңартып, оны қайта құру керек дегенде нені меңзеді?

Димаш Әлжанов: Ол партияның басшылық құрамын өзгертіп, жарнамаға, пропагандаға ақша салуы мүмкін. Бірақ “Нұр Отанды” шынайы саяси бәсеке ғана өзгертеді. Бұл үшін партия бәсекеге толы сайлауға қатысып, жеңіп, жеңіліп, бес, он, жиырма жыл ішінде бірнеше кезеңнен өтуі керек. Сол кезде ғана партия ұйым ретінде өзгереді.

Екіншіден, партия басшысының саяси кеңесті түгел өзгертуге құқығы жоқ. Яғни, партия ішінде әртүрлі фракциялар бар, ал саяси кеңес әртүрлі тәуелсіз саясаткерлерден тұрады. Төраға оларды емес, олар төрағаны таңдайды. Бұл ішкі партиялық демократияны қалыптастырып, партия төрағасына өз билігін асыра пайдалануға жол бермейді.

Тоқаев партияны жаңарту туралы айтса, әділ сайлаудан бастауы керек. Сонда партия ішінде жаңа, тәуелсіз ойыншылар пайда болып, партия басшылығын анықтайды. Бұл өзгеріссіз Тоқаев жай ғана Назарбаевты қолдау үшін құрылған патронаж ұйымын сақтап қалады.

"ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТКЕНІМЕН, АКТИВТЕРІН САҚТАП ҚАЛДЫ"

Пётр Троценко: Дариға Назарбаева, Асқар Мамин, Бауыржан Байбек “Нұр Отанның” саяси кеңесіне кірмей қалды. Мұны қалай түсінуге болады?

Димаш Әлжанов: Отбасы мүшелері саяси сахнадан кетті, мұның қанша ұзаққа созылатыны - басқа мәселе. Наразылар Назарбаев пен оның отбасының биліктен кеткенін талап еткенін ұмытпау керек. Билікті сақтап қалу үшін жоғарыда аталған адамдарды орнынан алып тастады. Бірақ олардың активтері сақталып қалуы мүмкін. Сондықтан олардың ары қарай саясатта қалуы ашық мәселе болып отыр. Қазақстанда бейресми байланыстар мықты. Тоқаевтың Назарбаевты сонша құрметтеуі оның әлі де бұрынғы президент пен отбасының ықпалында екенін көрсетеді.

Пётр Троценко: Бірақ Тоқаевтың бірінші президенттің беделіне күмән келтіруі оның өз беделіне де әсер етеді. Халық бұл месседжді тез түсініп, бір адамды биліктен тайдырсақ, екіншісін де орнынан алып тастауға болады деп ойлай бастайды. Ал биліктің қастерлі қалпын бұзуға болмайды.

Димаш Әлжанов: Ол бұлай жасайтын позицияда емес. Өйткені бұрынғы президентті биліктен алыстатқысы келсе, бірден және біржола осылай жасауы керек еді. Бірақ олай жасамады. Бұл Тоқаевтың әлі де осы байланыстар шырмауынан шыға алмай келе жатқанын көрсетеді.

Oyan, Qazaqstan белсендісі, саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Oyan, Qazaqstan белсендісі, саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Пётр Троценко: Назарбаевтар елдің саяси және экономикалық өміріне етене араласып үлгерді. Мүмкін Тоқаев дипломатиялық жолмен, біртіндеп олардың саясат пен экономикадағы ықпалын азайтуға тырысып жатқан шығар?

Димаш Әлжанов: Тоқаевтың ондай ниеті болса, басқа қадамдар жасар еді. Бірақ ол қарсылығы аз жолды, яғни, қоғамды емес, өзін таңдады. Биліктің өз беделін жаңғыртуға талпынысын реформаға ұмтылыс деп қабылдаудың қажеті жоқ. Реформалар нақты әрі түсінікті болады. Қоғам үшін саяси жүйеге араласу мүмкіндігі туғаны, азаматтардың таңдауға, шешім қабылдау процесіне ықпал етуге құқығы бары анық айтылады. Ал биліктің беделін өзгертуге арналған жеңіл-желпі өзгерістердің не бізге, не біздің қажеттіліктерімізге қатысы жоқ.

Тоқаев тіпті партияны ребрендингтен өткізуге де тырыспады: жаңа партия құрамыз, өткеннің мұрасынан арыламыз деген жоқ. Өйткені олай айта алмайды, айтқысы келмейді.

"САЙЛАУСЫЗ БИЛІКТІ БЕЙБІТ ЖОЛМЕН АУЫСТЫРУ МҮМКІН ЕМЕС"

Пётр Троценко: Бірақ Қазақстанда еркіндік самалы есе бастады. Азаматтық қоғамда да серпіліс болған сияқты: адамдар күш біріктірсе, билікпен диалог орнатып ғана қоймай, өз мүддесін қорғай алатынын түсінді.

Димаш Әлжанов: Бұл механизм жұмыс істеуі үшін билікті сайлау арқылы өзгерту әдісі керек. Сайлаусыз билікті бейбіт жолмен ауыстыру мүмкін емес. Президент Қазақстанда кикілжің болмағанын, билік үшін күрес адам шығынынсыз, тыныш өткенін қаласа, реформа жүргізер еді. Біріншіден, орталық сайлау комиссиясын бейтараптандырып, екіншіден, мәслихат депутаттарын, облыстық және қалалық әкімдерді сайлау мүмкіндігін енгізер еді. Сонда адамдардың қолына аз да болса билік тиеді. Бірақ мұндай өзгерістер болса, президент баю, элитаның адалдығын сатып алу мүмкіндігінен айырылады. Ол бұған саналы түрде барып, билік үшін күресте күш қолдану мүмкіндігін азайтуы керек.

Пётр Троценко: Қазіргі жағдайда мұндай өзгерістер болуы мүмкін бе?

Димаш Әлжанов: Қоғам жылдам бірігу деңгейін жоғалтпай, митингілер мен саяси өзгеріс енгізу туралы талаптар көбейген сайын, биліктің қазіргідей маневр жасауға мүмкіндігі азаяды. Мемлекет басындағылар билігін жоғалтудан қорыққан кезде ғана режимді реформа жүргізуге итермелеу мүмкіндігі артады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG