Accessibility links

Алматы әкімі ауысты. Сағынтаевтың орнына Досаев келді


Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаев.

31 қаңтарда Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі қызметінен кетті. Оның орнына бұл қызметке бұған дейін Ұлттық банк төрағасы болған Ерболат Досаев тағайындалды. Бұл туралы дүйсенбі, 31 қатарда Ақорда хабарлады.

2019 жылғы 28 маусымнан бері Алматы қаласы әкімі болып келген 58 жастағы Бақытжан Сағынтаев биыл қаңтар оқиғалары кезіндегі әрекеті үшін көптің сынына қалған. Қала тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сағынтаевты босату жайлы үндеу жолдап, петицияға қол жинай бастаған.

Тұрғындар Бақытжан Сағынтаевтың "қаңтар басындағы ауыр кезде алматылықтарға физикалық, моральдық тұрғыда қолдау көрсетуге жарамай", тек 8 қаңтарда ғана жұртқа көрінгенін жазған.

Ерболат Досаев.
Ерболат Досаев.

51 жастағы Ерболат Досаев 1998 жылдан бері үкіметте әртүрлі лауазымды қызмет істеді: қаржы, денсаулық сақтау, экономика министрліктерін басқарды, 2017 жылғы тамыздан бір жарым жылдай премьер-министрдің орынбасары болды. 2016 жылы Досаев басқарған ұлттық экономика министрлігі 17 мың шаршы километр ауыл шаруашылығы жерін аукционға қоюды және шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлаған. Үкіметтің жер реформасына қарсы болған халық жаппай наразылық акциясына шығып, ақыры сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев жер туралы заңның даулы баптарының күшіне енуіне бес жылға мораторий жариялауға мәжбүр болған. Ал кейін Назарбаев өз орнына қалдырған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға тыйым салуды ұсынды.

2004 жылғы сәуірде денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Досаев Шымкенттегі медицина мекемелерінде балаларға жаппай ВИЧ инфекциясы жұғуына байланысты 2006 жылы қыркүйекте ол қызметтен алынған. Дәрігерлердің салғырттығы себеп болған деп айтылатын сол оқиғада жиыны 220 балаға ВИЧ жұққан. Алты жылдан кейін, 2012 жылы Назарбаев оны экономика және бюджеттік жоспарлау министрі етіп тағайындаған.

Ерболат Досаев 2019 жылғы 25 ақпаннан бері басқарып келген Ұлттық банктің негізгі міндеттерінің біріне инфляцияны ауыздықтау жатады. Азық-түлік пен өзге тұтыну тауарларының қымбатшылығы 2022 жылғы қаңтардың басында елдің барлық өңірін қамтыған жаппай наразылыққа түрткі болған себептердің біріне айналды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG