Accessibility links

Шымкентте де прокуратура алдына ұсталғандардың туыстары жиналып, талап қойды


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жақындарын азаптамауды талап етті. Шымкент, 1 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жақындарын азаптамауды талап етті. Шымкент, 1 ақпан 2022 жыл.

1 ақпанда Шымкентте қалалық прокуратура алдына қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары жиналып, билікке бірнеше талап айтты. Олар оқиға кезінде жараланған азаматтарға медициналық көмек көрсетуді, ұсталғандарды азаптамауды, олардың құқықтарын бұзбауды талап етті.

Солардың бірі Шымкент тұрғыны Әлия Әнетова 20 жастағы ұлы Шыңғысхан Бейбарыстың тергеу кезінде соққыға жығылғанына шағымданды. Оның сөзіне қарағанда, ұлы 5 қаңтарда бейбіт митингіге шығып, сол күйі оралмаған. Кейін "полиция көлігіне шығып алғаны үшін" 15 күнге қамалғанын естіген. Қамау мерзімі аяқталған кезде полиция ұлын босатпай, "терроризм" сияқты бірнеше ауыр бап бойынша айып таққан.

– Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына барған кезде баламды көрдім. Баламды мылтық ұстап алған екі конвой және жәй киім киген алты адам алып кетіп бара жатыр екен. Ол өз анасын тани алмай қалды. Оның бетінен ұрған. Беті қара-қызыл болып тұрды. Көзінің іші қызыл. Бетінен жәй ұрған болса жаңағыдай болмас еді. Мен оны дубинкамен ұрды ма деп қорқамын. "Бейбарыс" десем, мені танымайды. Сот-медицина сараптамасын жасайық десек, ата-ана түгілі адвокаттардың өздерін кіргізбейді. Қазір ол "Сәуле" ықшамауданындағы тергеу изоляторында отыр, – деді Әлия Әнетова.

Жиналғандардың кейбірі қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған белсенділер: Ерғали Құлбаев, Карима Хайдарбекова, Нұрлыбай Татаев және Молдабай Сәдібековтің суретіп ұстап тұрды. Олар белсенділердің қылмыс жасамағанын, олардың бейбіт наразылыққа шыққанын айтып, босатуды талап етті.

Жиналғандарға арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Нұржан Көлбаев шығып, наразыларға жұмыс істеуге уақыт беруге шақырды.

– Шынымды айтсам, сіздер маған жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатсыздар. Мен оқып шығып, одан кейін өзім кімнің іс-әрекеті жеңілдеу саралаймыз. Демалыс күндері сіздерге айттым. "Бір күн өтті, екі күн өтті" деп маған психологиялық қысым жасамаңыздар. Келесіздер ме, келмейсіздер ме, бұл прокуратура қызметі оған байланысты емес, – деді Нұржан Көлбаев.

Наразылардың көбі оның сөзіне қанағаттанбады, дегенмен бір аптадан кейін прокуратура алдына тағы жиналатын болып келісіп, тарады.

1 ақпанда осыған ұқсас наразылық Алматыда да өтті.

  • Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтқан.
  • Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті ретінде ұсталып, қамалған азаматтардың туыстарынан тергеу кезінде ұрып-соғып, кейбірін тірі әкетіп, өлі қайтарғаны туралы арыз-шағым көбейген. Қоғам өкілдері, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтарды азаптауды дереу доғаруға үндеген.
  • Осыған дейін Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 109 шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
  • Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG