Accessibility links

"Жауапты шенділерге санкция". Еуропарламент Қазақстандағы жағдайды талқылап, қарар қабылдады


Страсбургтегі Еуропарламент залы. Архив суреті.
Страсбургтегі Еуропарламент залы. Архив суреті.

Еуропарламенттің бір топ депутаты Қазақстандағы қаңтар оқиғасы бойынша қарар ұсынып, талқы өткізді. Құжат авторлары Тоқаевтың "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығын, адамдардың "жосықсыз ұсталып", "азапталып жатқанын" айыптап, жауапты шенеуніктерге санкция салуды ұсынды. Депутаттар арасында оқиғаға байыппен қарап, асығыс шешім қабылдамауға шақырғандар да болды. Қарар жобасына 19 қаңтарда талқыланып, 20 қаңтарда қабылданды.

Қарар жобасында қаңтар оқиғасы қалай өрбігені сипатталып, 27 тармақтан тұратын мәлімдеме жасалған. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.

Қарарға дауыс беру кезінде 671 депутаттың 589-ы қолдап, 35-і қарсы шығып, 47-сі қалыс қалды. Осылайша Қазақстандағы адам құқығына қатысты бұл қарар басым дауыспен мақұлданды.

"ПОСТ-СОВЕТТІК АВТОРИТАРИЗМНІҢ АҚЫРЫ ДА ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ"

19 қаңтар күні өткен талқылауда бірінші болып қарар жобасы авторларының бірі Андриус Кубилюс сөйледі. Литвалық саясаткер Қазақстандағы қайғылы жағдайға объективті халықаралық тергеу қажетін, бірақ қазірдің өзінде бірқатар қорытынды жасауға болатынын айтты.

Андриус Кубилюс
Андриус Кубилюс

"Қазақстандағы кейінгі жағдай қатардағы азаматтар мен азаматтық қоғамның авторитарлық режимнен, жемқорлықтан, әділетсіздіктен, заң үстемдігінің жоқтығынан шаршағанын көрсетті. Олар елдегі елеулі өзгерістерді сол үшін талап етіп отыр, – деді ол. – Тарих қайталанып отыр. Совет одағы бейбіт шерушілерге әскер қолданғаннан кейін ыдырады, енді міне пост-советтік кеңістіктегі авторитаризмнің ақыры да жақындап келеді.

Испаниядан сайланған Начо Санчес Амор (мырза) осы қарар арқылы шерушілерге жосықсыз күш қолдануды айыптайтынын айтты.

Начо Санчес Амор
Начо Санчес Амор

"Көптеген адам қаза тапты, қамалды. Құқық қорғаушылар қудаланды. Осының бәрінде бірізділік болмады. Лаңкестер бейбіт шеруді пайдаланып кетті дейді. Рас болса, онда неге құқық қорғаушылар мен бейбіт шерушілерді ұстап отыр. Меніңше, осы құқықбұзушылықтарға жауапты адамдарға санкция салатын уақыт келді. – деді Еуропарламент депутаты.

Депутаттың бұл ұсынысын оның әріптестері де қолдады. Жекелеген санкция салу мәселесі қарар жобасында да айтылады.

Начо Санчес Амор сондай-ақ Еуропарламентті Қазақстандағы азаматтық қоғаммен байланыс орнатуға, елдегі жағдай бойынша үнсіз отырмауға шақырды.

"Көшедегі адамдарға ескертусіз оқ ату туралы бұйрығы Тоқаевтың саяси өмірінде алдынан талай шығады, – деді ол. – Осы жағдайдан кейін Тоқаев қуатты адам болып шыға келді. Ол өзінің ізашарының көлеңкесінен шықты. Енді ол өзін терең демократиялық өзгерістерді іске асыратын нағыз реформатор ретінде көрсетуі тиіс".

Қарар авторларының бірі, Қазақстандағы адам құқығы мәселесін жиі көтеретін Ружа Тун (ханым) бір бума құжатты көрсетіп, онда саяси себеппен қудаланып отырған құқық қорғаушылардың тізімі келтірілген деді:

Ружа Тун
Ружа Тун

"Қарарды дайындауға екі-ақ сағат берілді және ол бес беттен аспайды. Қарар уақыт тапшылығына қысқа болып, жағдайды толық қамтымаса да, бәріңізді осы қарарға дауыс беруге шақырамын" деді депутат.

Хейди Хаутала (ханым) "бейбіт шерудің қалай зорлық-зомбылыққа ұласқанын, оған қандай элементтер қатысқанын, оның ұйымдасқан-ұйымдаспағанын" анықтау керек деп мәлімдеді.

"Кінәлілер жазалануы тиіс. Қалай да билікте қалуға тырысатын клептократтарға қатаң шара қолдану керек. Қане, сондай адамдардың халқына қарсы қылмысы үшін жауапқа тартылуына септесейік. Еуроодақ ЕҚЫҰ-мен және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесімен бірге тәуелсіз зерттеудің жүруін қамтамасыз етуі керек" деді Хаутала.

"'ТЕРРОРИСТ'" СӨЗІ ОҢДЫ-СОЛДЫ ҚОЛДАНЫЛЫП ЖАТЫР"

Виола фон Крамон-Таубадель (ханым) автократиялық елдерде халық наразылығын пайдалану қалыпты жағдай екенін айтты. Оның сөзінше, "зорлық-зомбылыққа бейіл топ бейбіт шерудің шырқын бұзып, ұйымдасқан түрде мародерлікке салынған, үкімет ғимараттарына өрт қойған".

"Мемлекеттік институттарды қорғау – кез келген үкіметтің міндеті-ақ. Бірақ оны желеу етіп, күшті жосықсыз пайдалануға болмайды. Бейбіт шерушілер сөз еркіндігінен айырылып, "террорист" сөзі оңды-солды қолданылып жатыр" деді ол.

Еуропарламент депуттары сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан әскер шақыру шешіміне де алаңдаушылық білдірді. Депутат Крамон-Таубадель мұның салдары ауыр болуы мүмкін дейді.

"Тоқаев бұрын-соңды болмаған қадамға барып, тәртіп орнатуға Ресей әскерін шақырды. Бұл – тәуелсіздігі 30 жылға ұласып, осыған дейін алпауыт көршілері мен өзіндегі этникалық топтарды тепе-теңдікте ұстап отырған мемлекет үшін қауіпті прецедент, – деді Крамон-Таубадель. – Шақырылған ҰҚШҰ күштерін басқарған Ресей генералы Қырым аннексиясы мен өзге де оккупацияларға қатысқан. Бұл күштер елден кетті. Бірақ Путиннің бұл қызметінің өтемін Тоқаев қана емес, тұтас халық бермек. Өтемақыға не сұрайды? Қырымды мойындауды ма? Қазақстанның ұран қорын беруді ме? Әлде жаңа әскери база ма? Уақыт көрсетеді. Осындай дағдарыста Еуроодақтың үнсіз отырды. Біз өзімізде дәстүрлі түрде алаңдаушылық білдірумен шектедік".

Маркета Грегорова Қазақстан халқының демократияны аңсайтынын айтты. Оның сөзінше, ел теңсіздіктен арылып, сөз еркіндігі мен бейбіт наразылыққа шығу шығу құқығы бар елде өмір сүргісі келетінін ашық айтып отыр.

АҚПАРАТТЫҚ ВАКУУМ

"Оның орнына оларға олигархтардың үстемдігін орнатып, теңсіздікті күшейтті. Наразылармен келіссөз жүргізудің, уәде етілген реформаны іске асырудың орнына адамдарды "террорист" деп атап, аяусыз ұрып соғып жатыр, өлтіріп жатыр" деді ол.

Еуропарламент депутаттары сондай-ақ төтенше жағдай енгізілгеннен кейін интернеттің бұғатталуын да айыптады. Интернетті бұғаттап, БАҚ еркіндігін шектеу қазақстандықтарды ақпаратсыз қалдырғанын, үрейлендіргенін айтты.

"Журналистер мен азаматтардың үнін өшіру үшін интернетті бұғаттайтын президент сөз еркіндігін қастерлемейді. Халықтың аузын жабу үшін бұқаралық жиындарға тыйым салатын президент адамдардың бейбіт жиынға шығу құқығын таптайды" деді Швециядан сайланған депутат Эвин Инсир (ханым).

Словакиядан сайланған Владимир Бильчик те интернеттің бұғатталғанын сөкті.

"Қазақстанның халықаралық аренадағы орны оның ақпарат еркіндігіне қатысты ұстанымы арқылы да өлшенеді. Осындай дағдарыс кезінде азаматтар ақпарат алу құқығына, ал журналистер өз жұмысын еркін атқару құқығына ие" деді ол.

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:23 0:00

"САНКЦИЯ САЛУ ӨЗІМІЗГЕ ТАЯҚ БОЛЫП ТИЮІ МҮМКІН"

Еуропарламенттің кей депутаттары Қазақстанға қатысты қандай да шара қолданбас бұрын сақтық танытуға шақырды. Франциядан сайланған Тьери Мариани (мырза) Қазақстандағы жағдайда көп нәрсе әлі анықталмаған, бірақ Еуропарламент "асығыс айыптауға" көшті деді.

"Біздің білетініміз аз, бірақ парламент мүшелерінің көбі айыптай сөйлеп жатыр. Депутаттардың көбі осы жағдайды Ресейге немесе Қытайға тиісу үшін пайдаланып жатқанға ұқсайды" деді Мариани.

Нидерландыдан сайланған Мишель Хугевен Қазақстанның ядролық қарудан бас тартудағын қадамын, оның Еуроодақпен энергетика саудасында әріптес екенін атап өтті. Оның сөзінше, санкция салу Еуроодақ үшін жақсы нәтиже бермейді.

"[Қазақстан – бізді энергетикамен қамтамасыз ететін елдердің бірі. Қазақстан бізге сабақ болсын. Энергетика бағасының бағасының күрт артуы үкіметке қарсы наразылықты өршітеді. Осы ретте біз стратегиялық түрде ойланып, Еуроодақ пен оның азаматтарының мүддесін ескеруіміз керек. Біздің азаматтар энергетика бағасының қатты артуын көтере алмайды. Сол үшін Еуроодаққа тұрақты Қазақстан керек. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстанға санкция салу немесе ішкі ісіне араласу өзімізге таяқ болып тиеді" деді ол.

Ал болгариялық саясаткер Илхан Кючюк Қазақстанға қайғылы оқиғаның себебін түсіндіруге уақыт беру керек деп санайды. Еуродепутат Татьяна Жданока да осыған ұқсас пікір айтып, Еуропарламент "тағы да судья кейпіне енді" деді.

ЕУРОКОМИССИЯ ПІКІРІ

Жиынға Еурокомиссия комиссары Стелла Кириакидес (ханым) те қатысты. Ол да "[Қазақстандағы] дағдарыстың күрделі екенін, оны түсіну мен реакция танытуда сақтық таныту" керегін айтты, қорытынды жасауға асықпауды сұрады.

"2 қаңтарда басталған бейбіт наразылық пен бүкіл елге жайылған зорлық-зомбылықты ажырата білген маңызды. Қаруланған, әрі арнайы дайындықтан өткен топтар бейбіт наразылықты пайдаланып кеткен ұқсайды. Бірақ олардың кім екені, нені көздегені әлі түсініксіз. Ол топтардың қауіпсіздік күштеріне қатысы бар болуы да ықтимал" деді ол.

Кириакидес тергеудің басталғанын, көптеген сұрақтың жауабы әлі айтылмағанын, Қазақстан билігін ашық әрі тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырғанын мәлімдеді.

ЕУРОПАРЛАМЕНТ ҚАРАРЫНЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Еуропарламент – Еуропалық одақтың заң шығарушы органы. Оның қарарларының Қазақстанда құқықтық күші жоқ. Бірақ Еуроодақ пен Қазақстанның тығыз қарым-қатынасы тұрғысынан ондай құжаттар елеусіз қалмайды. Мәселен, былтыр 11 ақпанда Еуропа парламенті Қазақстандағы саяси қудалауды айыптайтын қарар қабылдап, ел билігіне 20 талап қойған. Күзде Қазақстан парламентіне 6 депутат Брюссельге барып, Еуропарламент депутаттарымен кездескен. Бірақ ресми басылымдар бұл сапар туралы көп ақпарат бермеді.

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис халықаралық қауымдастықтың Қазақстандағы жағдайға назар аударғанын оң бағалайды, бірақ Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылданған қарарлары жүйелі өзгерістерге әкелмеді деп санайды.

Евгений Жовтис
Евгений Жовтис

"Бұл – алғашқы қарар емес. Тіпті 2010 жылы мен туралы да қарар болған. Бірақ өкінішке қарай, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығына қатысты қарарлары маңызды өзгерістерге әкелмеді. Саяси қарсыластарды қудалау, азаматтық қоғам мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсету секілді мәселелер ашық қалып отыр" дейді құқық қорғаушы.

Дегенмен Евгений Жовтис осы жағдайды пайдаланып, Қазақстан билігін оң өзгерістерге шақыруға болатынын айтады. Оның сөзінше, бұл жұмыстар екі бағытта жүруі тиіс.

"Біріншісі – жүйелі бағыт. Бізде бейбіт жиындар туралы, бұқаралық ақпарат туралы, дін еркіндігі туралы заңдарда мәселелер бар. Біздің билікті осы мәселелерді шешуге шақыру керек. Бұл тұрғыда еуропалық құрылымдар эксперттік көмек көрсете алар еді. Екіншісі нақты қазіргі жағдайға қатысты. Тәуелсіз әрі бейтарап тергеу қажет. Кімнің не істегенін құжатқа түсіріп, түсінген жөн. Мұның әсіресе күш құрылымдары мен қару қолданғандарға қатысы бар. Қаза тапқан әрбір адамды анықтау керек. Оның ішінде айқаспалы атыста оққа ұшқандар мен ешкімге шабуыл жасамаған бейбіт шерушілерді ерекше назарға алу керек. Сондай-ақ адамдардың әділ сотқа деген құқығын қамтамасы ету қажет. Егер қарар осы секілді мәселелерді шешуге көмектессе, жөн болар еді" дейді Жовтис.

2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық санаулы күнде Қазақстанның өзге аймақтарына тарап, арты тәртіпсіздікке ұласты. Билік ҰҚШҰ күштерін шақырып, ел президенті күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға рұқсат берді. 15 қаңтар күні Бас прокуратура сол күндері мәйітханаларға 225 адамның денесі жеткізілгенін, оның 19-ы полиция мен әскер қызметкерлері екенін айтты. Бірақ қаза тапқандардың аты-жөні айтылмай отыр. Билік қақтығысқа "сырттан ұйымдастырылған террористер" жауапты дейді, бірақ әлі күнге дейін ол оның айғағын келтірмей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG