Accessibility links

Шымкент соты "қаңтар оқиғасынан кейін" белсендінің бас бостандығын шектеу жазасынан қамауға ауыстырды


Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты.
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты.

1 ақпанда Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны" үшін бас бостандығы шектелген белсенді Айбек Сәбитовтің ісін қарап, оны қамауға қаулы етті. Белсендінің үстінен полиция "белгіленген уақытта келмеді", "қоғамдық жұмысты істемеді", 4 қаңтар күні Шымкентте өткен бейбіт митингіге қатысып, әкімшілік жауапқа тартылып, пробация тәртібін бұзды деп шағымданған. Сотталушы айыппен келіспейді және мойындамайды.

2021 жылдың 13 мамырында Сәбитов Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") кінәлі деп танылып, 1 жыл 10 айға бас бостандығы шектелген. Сот оған 3 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Тергеу органдары оны Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылған "ҚТД" және "Көше" партиясының ісіне араласқан деп таныған (бұл екі ұйымды Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған).

Белсендінің бас бостандығын шектеу жазасын түрмемен алмастыру туралы полицияның талап-тілегін прокурор да мақұлдады. Сәбитов 4 қаңтар күні Шымкентте өткен бейбіт митингіге барып, "тәртіпті бұзды" деді ол.

Полиция мен прокурордың сөзімен белсенді келіспейді. Ол мұны саяси қудалау деп атады. Оның сөзіне қарағанда, 4 қаңтар күні түсте бейбіт митингіге барған. Бірнеше сағаттан кейін үйіне оралған. Артынша "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп 15 күнге қамалған. "Не үшін айыпталып жатқанымды білмеймін. Айыпты толық мойындамаймын" деді белсенді жарыссөзде.

Сот Сәбитовті бас бостандығын шектеу туралы сот қаулысының талаптарын орындамағаны, рұқсат етілмеген митингіге қатысуға болмайтынын біле тұра, жаңаөзендіктерді қолдауға шығып, әкімшілік қамауға алынғанын ескеріп, қалған 3 ай 15 күндік жаза мерзімін бас бостандығынан айыруға ауыстырылғанын түсіндірді. Жазаны қауіпсіздігі орта түзеу мекемесінде өтейтінін жеткізді.

Белсенді сот залынан қамауға алынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG