Accessibility links

Назарбаев сыныптасының ұлы Бауыржан Байбек "Нұр Отандағы" қызметінен кетті


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. 2019 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек. 2019 жыл.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасының ұлы Бауыржан Байбек "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетті. Президенттің баспасөз хатшысының 2 ақпан күнгі хабарламасынан соны аңғаруға болады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Байбекке Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымындағы көп жылғы жұмысы үшін алғыс айтты" делінген хабарламада.

28 қаңтарда "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс съезінде Тоқаев партия төрағасы болып сайланған. Партияның жаңа саяси кеңесінің құрамына "Назарбаевтың адамы" деп аталатын бірқатар шенеуніктер, атап айтқанда бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, Бауыржан Байбек те енбеген. Тізімде экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева да жоқ.

Съезде Тоқаев партияның жұмысын сынап, оны өзгерту қажеттігін айтқан. Дегенмен ол бұрынғы президенттің "тарихи рөлін" ұмытпауға және оның жетістіктерін алға тартып, "жаңылысқан тұсы болса" болашақ басшылардың үлесіне қалдыруға шақырған.

Съезд алдында Қазақстанның бірқатар аймағында партия мүшелері "басшылыққа сенім жоғалғандықтан" саяси ұйым құрамынан кететінін мәлімдеген.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев пен оның жақындары және айналасындағы бірқатар шенеуніктер қызметтен шеттетілді. Кейбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Назарбаевтың өзі 18 қаңтарда видеомәлімдеме жасап, "элита арасында ешқандай тартыс болмағанын", бар билік Тоқаевтың қолында екенін, өзінің қарапайым "зейнеткер" екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG