Accessibility links

Талдықорғанда "үтікпен күйдірілген" адамға адвокаты мен туысы кірді. Бас прокуратура реакция білдірді


Қаңтар оқиғасы кезінде азапталды делінген Алматы облысының тұрғыны Азамат Батырбаев.
Қаңтар оқиғасы кезінде азапталды делінген Алматы облысының тұрғыны Азамат Батырбаев.

Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда ұсталып, "үтікпен күйдірілген" 38 жастағы Азамат Батырбаевқа 2 ақпанда әйелі мен адвокаты кірді. Бұған дейін әлеуметтік желіде Азамат Батырбаевтың тергеу изоляторында азапталғаннан кейінгі "жан түршігерлік суреттері" жарияланған.

Оның әйелі Бақыт Батырбаева 2 ақпанда Азаттық тілшісіне берген сұхбатында суреттердегі адам күйеуі екенін растады. Суреттен Азамат Батырбаевтың қатты соққыға жығылғанын байқауға болады. Жақындары оны "мойындату үшін" денесіне "ыстық үтік басқанын" айтады.

Бақыт Батырбаеваның сөзіне қарағанда, бұл суреттер күйеуі тергеу изоляторынан ауруханаға барғаннан кейін жіберген.

– Денсаулығы жақсы деп айта алмаймын. Ісігі біраз басылып келе жатқан сияқты. Біз оны азаптағандардың үстінен шағым түсіруге көндіріп жатырмыз. Ол бас тартып жатыр, себебі оған жан-жақтан қысым болып жатыр, - деді 2 ақпанда күйеуімен кездесіп шыққан Бақыт Батырбаева.

Әйелінің айтуынша, полиция оған "Назарбаев ескерткішін құлатуға қатысқан адам ретінде" айып таққысы келеді, бірақ ол айыппен келіспеген. Сол себепті "азапталған". Азаттық бұл деректерге қатысты құқық қорғау органдарынан әзірге жауап ала алмады.

Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, Азамат Батырбаевқа "жаппай тәртіпсіздік" бабы (272-бап 2-бөлім) бойынша айып тағылған. Ол айыппен келіспеген.

Сәрсенбі күні Бас прокуратура Батырбаевты азаптау фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінің А.Б. Батырбаевты ұрып-соғу фактісі туралы ақпарат тарап жатыр. Аталған тұлға Талдықорған қаласында болған тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін 2022 жылғы 22 қаңтарында ұсталғанын хабарлаймыз. Ал 23 қаңтарда жауап алу кезінде, ол 10 қаңтарда ішкі істер органдарының қызметкерлері оған дене жарақатын келтіргені туралы айтқан. А. Батырбаевтың бұл арызының негізінде Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде" делінген хабарламада.

Осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, соққыға жығылғаны туралы көп ақпарат шыққан. Азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаған. Бір күн бұрын Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін асыра сілтеуді доғарып, азаптауларды зерттеуге, заңсыз әрекеттерге барған құқық қорғау орган өкілдерін жауапқа тартуға шақырған.

Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 109 шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG