Accessibility links

Нұр-Сұлтан әкімінің бұрынғы орынбасары билік партиясының жауапты хатшысы болып тағайындалды


Асхат Оралов.
Асхат Оралов.

Асхат Оралов "Нұр Отан" партиясының жауапты хатшысы болып тағайындалды. 31 жастағы бұрынғы шенеунікті бұл қызметке өткен аптада Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына партия төрағасы болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындады. "Нұр Отанның" өткен аптадағы жиынында Тоқаев партия төрағасының бірінші орынбасары қызметін жойып, орнына жауапты хатшы қызметін тағайындау қажеттігін айтқан.

Оралов бұған дейін жарты жыл астана әкімінің орынбасары болды. Нұр-Сұлтан әкімдігіне барғанға дейін ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болған. Оның алдында бір жылға жуық Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметір атқарды. Ол облыстың бұрынғы басшысы Болат Бақауовқа айыптау үкімі шыққаннан кейін бірнеше аптадан соң әкім орынбасары қызметінен кеткен.

Асхат Ораловтың әкесі Ораздық Оралов Павлодар облысында мемлекеттік қызметте ұзақ жыл істеген. Ол облыстық қаржылық қадағалау инспекциясында шамамен 17 жыл жұмыс істеді. 2019 жылы аймақтық ревизия комиссиясының мүшесі болып тағайындалды.

Асхат Ораловтың биографиясына қарағанда, ол билік партиясының ісіне 20 жастан бастап араласа бастаған. Партияның жастар қанатында "басшылық қызметтер" атқарған.

2 ақпанда Тоқаев "Назарбаев айналасындағы шенеуніктердің бірі" атанған Бауыржан Байбекке партия төрағасының бірінші орынбасары қызметін "ұзақ жыл атқарғаны үшін" алғыс айтқан. Сәрсенбі күні Байбектің осы қызметтен кеткені белгілі болды.

Байбектің партия басшылығынан кетуі Назарбаев айналасындағы адамдар бірінен соң бірі отставкаға кетіп жатқан шақпен тұспа-тұс келіп отыр. Сарапшылар Назарбаев айналасындағылар мен Тоқаев жақтастары арасында тартыс барын болжаған. Бұрынғы және қазіргі президенттер элита арасындағы күресті жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG