Accessibility links

Өскеменде әкімді отставкаға жіберу туралы петиция жазған белсендіге депутат бастаған бір топ адам барды


3 ақпанда Өскеменде белсенді Роман Честных қала әкімі Жақсылық Омардың отставкасын талап етіп, президенттің атына онлайн-петиция жариялаған. 4 ақпанда белсендінің кеңсесіне қалалық мәслихат депутаты Сергей Коротин бастаған бір топ адам келді.

— Қала жұртшылығының көзінше сұрақ қояйын: сізге қала жұрты атынан сөйлеуге кім рұқсат берді? Қысқаша жауап беріңізші, – деген депутат.

Роман Честных оларға "өз пікірін айтқаны үшін оған ешкімнің сын-ескертпе жасауға моральдық немесе заңдық тұрғыда құқығы жоғын" және петиция қол қойған адамдардың ғана пікірін білдіретінін жеткізген. Бірақ соған қарамастан топ шүйлігуін тоқтатпаған. Топ өкілдері "біз де қала тұрғындарымыз", "Алматыдағыдай қайғылы оқиғаның қайталанғанын қалаймысың?" деп айғайлаған.

— Сіздер қарапайым адамға пікірін айтқаны үшін сын-ескертпе жасауға келіп отырсыздар. Мен мемлекеттік қызметкер яки шенеунік я депутат, "Нұр Отан" мүшесі емеспін, – деді Роман Честных.

Депутат Коротин өзінің "қала азаматы" екенін атап өтіп, "Өскемен әкімін қолдауды" сұраған өзге петицияның мәтінін оқып берген. "Отставка жайлы ұранды қала тұрғындарын араздастырғысы келетін сол баяғы адамдар айтып отыр" деген.

Қазір Роман Честных жеке қауіпсіздігіне алаңдап отырғанын айтты.

—Мұндай нәрсе қаламызда бұрын-соңды болмаған. "Нұр Отан" мүшелері мен депутаттардың белсене араласуымен жеке азаматты қаралау "кампаниясы". Олар бәрібір билік өкілдері ғой. Егер билік ашық түрде қарапайым азаматты қаралап, жала жабуға барса, менің мойныма ойдан құрастырылған істі іле салу аса қиын шаруа емес болар. Бұл қауіпті құбылыс, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Роман Честных бастаған петицияға бір тәулік ішінде 1,3 мың адам қол қойған. Мәтінге қол қойған адамдар Өскемен әкімі Жақсылық Омардың қызметіне көңілі толмайтынын жеткізген.

"2018 жылы Өскеменге әкім болғалы бері ол қала халқын біртіндеп өзі жетекшілік ететін мемлекеттік басқаруға қарсы қойды. Қала бюджеті жыл сайын өскенмен және жетістіктерге жеттік деп айтып жатқанмен қаламыз көптеген салада дамымай қалған. Бірінші кезекте бұл қала инфрақұрылымының дамуында байқалады" деп жазылған петицияда.

Петицияның мәтіні Роман Чесныхтың жеке парақшасында пайда болғаннан кейін әкім Жақсылық Омарды қолдаған көптеген комментарий пайда болды. Ал оларды кейбір қолданушылар "сондай пікір жазғаны үшін ақша алып отырған боттар" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG