Accessibility links

Ақтауда МАЭК жұмысшылары екі күннен бері ереуілдеп жатыр


Ереуілде тұрған МАЭК жұмысшылары. Ақтау. 8 ақпан, 2022 жыл.
Ереуілде тұрған МАЭК жұмысшылары. Ақтау. 8 ақпан, 2022 жыл.

Ақтаудағы "Маңғыстау атом энергетика комбинаты (МАЭК) - Қазатомөнеркәсіп" мекемесінің мыңға тарта жұмысшысы мекеме маңында ереуілдеп жатқалы екінші күн. Олар жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды, белсенді жұмысшыларды қудаламауды талап етіп жатыр.

МАЭК жұмысшылары ереуілі дүйсенбі, 7 ақпан күні басталған. Сол түні олар мекеме алдына киіз үй тігіп, қонып шықты. Ереуілге шыққандар жұмысты тоқтатқан жоқ. Ауысымдағылар жұмыс орындарында жұмысын жалғастырып жатыр.

МАЭК қызметкерлерінің бірі Жеміс Бекжанованың Азаттыққа мәлімдеуінше, жұмыс беруші талаптарын орындаудың орнына қысымды күшейте түскен.

- Еңбек кодексіне сәйкес бізде қазір еңбек дауы жүріп жатыр. Ортақ шешімге келген жоқпыз, арбитраждық комиссия да жоқ. Соған қарамастан МАЭК басшылығы жалақымыздың 30 пайызға көтерілетіні жазылған өткен күнмен шыққан бұйрықты әкеліп, қорқытып қол қойдыртуға тырысып жатыр, - дейді ол.

МАЭК жұмысшыларының талабы - жалақыны 50-70 пайызға көтеру. Олардың айтуынша, мекемеде 90-120 мың теңге жалақы алады.

- Салықты ұстап қалғанда қолымызға әр жұмысшы санатына қарай 70-100 мың теңге тиеді. Жұмыстың денсаулыққа зияны – басқа әңгіме. Аттестацияға сәйкес мұндай мекемедегі зиянның деңгейі 24%-дан кем болмайтыны белгілі. Алайда олар құжатта МАЭК-тегі зиян деңгейін 8-4% етіп жазу арқылы жұмысшыларды сүтпен, тамақпен қамтамасыз етуден қашып отыр, - дейді Жеміс Бекжанова.

Наразы жұмысшылармен 7 ақпанда Қазақстанның энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, МАЭК бас директорының даму жөніндегі орынбасары Мұрат Игалиев, МАЭК бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Руслан Бектемір жолыққан.

Жұмысшылар МАЭК басшыларының жалақыны 100% көтерсе тариф қымбаттайды деген сылтау айтқандарын айтады. Олар соңғы 14 жылдың ішінде жалақының мүлде өспегенін, ал тарифтің 400 есе көтерілгенін айтады.

- Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Ақтауға арамызға келгенде ешкім қудаланбайды деген. Ал МАЭК басшылығы ереуілге шыққанымыз үшін жұмыстан шығаратынын айтып қайта-қайта қысым жасап жатыр, - деді есімін атамауды сұраған наразы жұмысшылардың бірі.

Энергетика минситрлігінің баспасөз қызметі МАЭК-тегі даудың әлі шешілмегенін мойындады. Ал "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС баспасөз хатшысы Әсел Қаншырова мекеме басшылығының жұмысшыларға қысым жасамағанын хабарлады. Оның айтуынша, 10 ақпанға қарай арбитраждық комиссия құрылуы мүмкін.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты аймақтағы өндіріс орындарын және тұрғындарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтиды. Кәсіпорында 3 645 жұмысшы мен түрлі маман еңбек етеді.

Өткен аптада Маңғыстау аймағында бірнеше компания жұмысшылары наразылық білдірді. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Дунга кен орнын игеріп жатқан "Total" ЖШС, Жаңаөзендегі "Қазақгазөңдеу" зауытының аутсорсинг компаниясы, "КаспийПрофСнаб" пен мұнай компанияларына қызмет көрсететін "Planika" ЖШС жұмысшылары да жалақыны көтеру мен еңбек келісім-шартымен жұмысқа алу талабын айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG