Accessibility links

Шымкентте қаңтар оқиғасында кемінде "18 адам қаза тапқан"


Үкіметтен сұйытылған газды арзандатуды талап еткен Жаңаөзен халқын қолдаған жергілікті белсенділер наразылық акциясын өткізу жайлы үндеу тастағаннан кейін Шымкентте полиция көшеге шыққан азаматтарды ұстап, әкетіп жатыр. 4 қаңтар 2022 жыл.
Үкіметтен сұйытылған газды арзандатуды талап еткен Жаңаөзен халқын қолдаған жергілікті белсенділер наразылық акциясын өткізу жайлы үндеу тастағаннан кейін Шымкентте полиция көшеге шыққан азаматтарды ұстап, әкетіп жатыр. 4 қаңтар 2022 жыл.

4-7 қаңтар күні Шымкентте өткен наразылықтар кезінде мәйітханаға 18 адамның сүйегі жеткізілді. Бұл туралы 9 ақпан күні Азаттыққа қалалық прокуратураның ресми дерегіне сүйенген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Шахноза Хасанова айтты.

Хасанованың сөзінше, қалалық прокуратура бұл мәліметті кеңеске 18 қаңтар күні берген.

- Одан кейін (18 қаңтардан кейін – ред.) мәйітханаға наразылыққа байланысты қаза болған адамдардың сүйегі жеткізілгені, не жеткізілмегені белгісіз. Ақпарат жаңартылған болуы мүмкін, - деді ол.

Кеңес мүшелері жуырда Шымкенттегі наразылықтарға байланысты қамалғандардың жайын білу үшін түрмелерге кірген. Хасанова Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қалалық филиалының тергеу изоляторына кірген. "Онда наразылықтарға байланысты қамалғандар болмады" деді.

Шымкентте қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтар күні болды. 4 қаңтар күні қалада Маңғыстау облысы Жаңөзен қаласындағы газ бағасының көтерілуіне қарсы тұрғындарды қолдаған наразылық бейбіт басталған. Куәгерлердің айтуынша 5 қаңтар күні наразыларға оқ атылған.

11 қаңтар күні қалалық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаларға түрлі жарақатпен 120-дан аса адам жеткізілгенін, қаза болған адамдар бар екенін мәлімдеді. 7 ақпанда жарақат алғандардың 73-іне оқ тигені мәлім болды.

Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте қаза болған адамдар бар екені ресми айтылғанымен, олардың саны мен кімдер екені жарияланбады. Азаттық қаза болған адамдар туралы қала әкімдігіне, қала прокуратурасы мен қалалық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдаған.

Бас прокуратура Қазақстанда қаңтар оқиғасына байланысты 225 адамның қаза болғанын мәлімдегенімен (кейіннен денсаулық сақтау министрлігі тағы 2 адамның ауруханада көз жұмғанын хабарлады), Шымкент прокуратурасы тергеу амалдарына байланысты қаза тапқан адамдар туралы ақпарат бере алмайтынын айтты.

Азаттық өз зерттеуінде қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте оқ тиіп, қаза болған тоғыз адамның аты-жөнін анықтады. Олардың төртеуінің кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Үлкені – 41, кішісі – 19 жаста. Барлығы - ер адамдар, дені оқ тиіп, қансырап көз жұмған.

Құқық қорғаушылар биліктің шамадан артық күш қолданғанына, халыққа оқ атуына, ұсталғандардың азапталуына алаңдаған. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, тергеу изоляторларында азаптауға ұшыраған адамдар туралы мәлімет көп. Бас прокуратура полицияның "билік өкілетін асыра қолданғанын" растап, 133 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлаған. Оған қатысты нақты адамдардың ұсталғаны әзірге хабарланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG