Accessibility links

Абақтыдағы саяси белсенді Ермек Нарымбаевқа адвокаты кіріп шықты


Белсенді Ермек Нарымбаев Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясында тұр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген сурет.
Белсенді Ермек Нарымбаев Алматыдағы "Сарыарқа" кинотеатрының сыртындағы алаңда өткен оппозицияның наразылық акциясында тұр. 2010 жылғы 30 қаңтарда түсірілген сурет.

Жуырда Қазақстанға оралып, әуежайдан бірден ұсталған саяси белсенді Ермек Нарымбавқа адвокаты Жанар Балғабаева кіріп шықты. Адвокаттың айтуынша, Алматының тергеу изоляторында отырған белсендінің жағдайы қалыпты. Туған жерін қатты сағынғаны байқалған.

Қазақстанда бірнеше жыл бұрын "алауыздық тудырды" деп айыпталып, сот үкімі бойынша үш жылға бостандығы шектелген саяси белсенді жүріп-тұруына қойылған шектеуге қарамастан 2016 жылы шілдеде Қазақстаннан кеткен еді. "Белсендіні енді не күтіп тұр?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Жанар Балғабаева былай жауап берді:

– Біріншіден, сот қаулысы бойынша ол әлі 2 жыл 5 ай жазасын өтеуге тиіс. "Шекараны заңсыз кесіп өту" ісі бойынша айтсақ, бұл іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жабылуы немесе Ермек амнистияға ілінуі керек. Қазір біз Ғалыммен (Нұрпейісовпен) бірге бұл іс бойынша сот тергеуі басталды ма деп сұрап жатырмыз. Егер басталса, іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты аяқталуға тиіс. Егер басталмаса, амнистияға ілінуі керек. Екі жыл бес ай жаза бойынша да көреміз. Ол бойынша да сот үкімі күшінің жойылуына күш саламыз.

Адвокат Балғабаева бейсенбі күні де өзі қорғап отырған азаматқа кіріп шығатынын айтты.

2015 жылғы қазанда Қазақстан соты азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабынан үзіндіні әлеуметтік желіге жариялағаны үшін соттаған. "Алауыздық тудырды" деген айып тағылған Нарымбаев үш жылға, Мәмбеталин екі жылға бостандығынан айырылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар қамаудағы Нарымбаев пен Мәмбеталинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Кейін екеуі де ісіне "өкінетіні" жайлы хат жариялады. Нарымбаев тергеу абақтысында бір айдан астам уақыт аштық жариялап жатты, 2016 жылғы 22 ақпанда сот оны үй қамағына ауыстырған соң белсенді аштығын тоқтатты. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, еркіндігін үш жылға шектеуге алмастырған. 2016 жылғы шілдеде Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалды.

Ермек Нарымбаев 2010 жылғы 1 мамырда Алматыда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында "Назарбаев, кет!" деп ұрандаған. Сол күні кешке оны полиция ұстап әкетіп, "тәртіп бұзды" деген айыппен 15 күнге қамаған. Кейін қамауда отырған белсендіге "сотқа құрмет көрсетпеді" және "полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті" деген айыптар тағылды. Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша 2010 жылғы 26 маусымда Ермек Нарымбаевты төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG