Accessibility links

Прокуратура: Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қаза болған. Азаптау бойынша 20 шағым түсті


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары азаптауға шағымданды. Шымкент, 10 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары азаптауға шағымданды. Шымкент, 10 ақпан 2022 жыл.

Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 19 адам қаза болған. 18 адамның аты-жөні анықталған, біреуінің кім екені әлі анықталмады. Бейсенбі күні қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстарымен кездесу кезінде қалалық прокурордың орынбасары Нұржан Сейдалиев осындай мәлімет айтты.

Құқық қорғау орган өкілдерінің мәліметінше, оқиғаға байланысты 87 қылмыстық іс қозғалған, 76 адам қамауға алынған. Прокуратураның айтуынша, ұсталғандар арасында мүгедек жігіттер, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер бар. Нұр-Сұлтан, Тараз, Түркістан тұрғындары да бар.

Бұған қоса, жиын кезінде күштік құрылым өкілдерінің ұсталғандарды азаптау, қысым жасауы бойынша 15 қылмыстық қозғалғаны айтылды. Барлығы 20 шағым келіп түскен.

10 ақпанда түске дейін қалалық прокуратура алдына жиналған ұсталғандардың туыстары түстен кейін жергілікті әкімдік ғимаратында прокуратура және полиция өкілдерімен кездесті. Бұл жиынға Алматыдан келген қаңтар оқиғасын зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссия өкілдері де қатысты.

Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары прокуратура және қоғамдық комиссия өкілдерімен кездесіп жатыр. Шымкент, 10 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары прокуратура және қоғамдық комиссия өкілдерімен кездесіп жатыр. Шымкент, 10 ақпан 2022 жыл.

Жиын кезінде ата-аналар заңсыз ұстауға, азаптауға, қысымға шағымданды. Жақындарын дереу босатуды талап етті.

Күндізгі сағат 16:30-да жиын жалғасып жатты.

  • Қалалық прокуратура мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте 3500-ден астам адам ұсталған. 87-ісіне қылмыстық іс қозғалған. 87 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. 76 адам қамауда жатыр.
  • Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан бойынша кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтқан.
  • Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті ретінде ұсталып, қамалған азаматтардың туыстарынан тергеу кезінде ұрып-соғып, кейбірін тірі әкетіп, өлі қайтарғаны туралы арыз-шағым көбейген. Қоғам өкілдері, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтарды азаптауды дереу доғаруға үндеген.
  • Осыған дейін Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан екі жүзден астам шағым түскен.
  • Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG