Accessibility links

Шымкентте ұсталғандардың туыстарын қолдауға бармақ болған белсенді ұсталды. Қалаға қоғамдық комиссия келді


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары мен белсенділер прокуратура алдында тұр. Шымкент, 10 қаңтар 2022 жыл.

10 ақпанда Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтардың туыстары қалалық прокуратураға жиналды. Бейсенбі күні оларды қолдамақ болған белсенді Ғабит Оразымбетовті полиция үйінен шыққан бетте ұстап әкеткені белгілі болды. Прокуратура алдына Алматыдан келген Рысбек Сәрсенбайұлы және Балташ Тұрсымбаев бастаған қоғамдық комиссия өкілдері де жиналды.

Ғабит Оразымбетовті полицияның ұстап әкеткенін ұстау кезінде жанында болған азаматтар айтты. Олардың сөзіне қарағанда, полиция оны үйінен шыққан бетте жеке құжатын тексеріп, ізінше ұстап, телефонын тартып алған. Жұрт бейсенбі күні қалалық прокуратура алдында белсендіні босатуды талап етті.

Прокуратура қызметкерлері жиналғандарды ішке кіруге шақырды. Алайда жұрт белсендіні босатпайынша ішке кірмейтінін айтты.

Түскі 11 жарымнан кете бере прокуратура алдына жиналғандар 30-дан асты.

Бұған дейін қаңтар оқиғасын зерттеу үшін құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия өкілдерінің Шымкентке келгені белгілі болған. Бейсенбі күні он шақты адамнан құралған қоғамдық комиссия өкілдері де прокуратура алдына келді. Олар жұрттың талабын қолдады.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары бірнеше аптадан бері жақындарының "заңсыз ұсталғанын" айтып, босатуды талап етіп келеді.

Осы аптада оларды прокуратура өкілдері қабылдаған, бірақ жиынға Азаттық тілшісі кіргізілмеді.

  • Қалалық прокуратура мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте 3500-ден астам адам ұсталған. 87-ісіне қылмыстық іс қозғалған. 87 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. 77 адам қамауда жатыр.
  • Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтқан.
  • Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті ретінде ұсталып, қамалған азаматтардың туыстарынан тергеу кезінде ұрып-соғып, кейбірін тірі әкетіп, өлі қайтарғаны туралы арыз-шағым көбейген. Қоғам өкілдері, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтарды азаптауды дереу доғаруға үндеген.
  • Осыған дейін Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан екі жүзден астам шағым түскен.
  • Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG