8 ақпанда Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтардың туыстары қалалық прокуратураға жиналды. Бір апта бұрын прокуратура өкілдері "жақындарымызды негізсіз ұстады, балаларымыз террорист емес" деп шағымданған ата-аналар мен белсенділердің арыз-шағымына бүгін, яғни 8 ақпанда жауап беретінін айтқан.
Прокуратура өкілдері мен ата-аналар, белсенділердің кездесуінен Азаттық тілшісі де ақпарат таратуға тырысқан. Алайда прокуратураның фойесінде тұрған қызметкерлер Азаттық тілшісін кіргізбей қойды. Олар "кіру мәселесін баспасөз қызметімен шешіңіз, солардан рұқсат алыңыз" деді. Ал баспасөз қызметімен байланысқа жауапты Нұржан Төребаевтың телефоны алмай қойды.
Жиналғандар Азаттық тілшісін кіргізіңдер деп талап қойып еді, "мәселені баспасөз қызметі шешеді" деп прокуратура өкілдері жиналған топты ішке кіргізіп жіберді.
БАҚ туралы заңның 20-бабына сәйкес, журналист кез келген мемлекеттік органға кіріп, қоғамдық маңызы бар шарадан ақпарат таратуға құқығы бар.
Прокуратура органдары әзірге Азаттық тілшісін жиынға кіргізбеу себебін түсіндірмеді.
Ақпаратқа қарағанда, ұсталғандардың туыстары мен белсенділерді қала прокуроры Ғабит Мұқанов пен арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Нұржан Көлбаев қабылдаған. Жиналысқа "Аманат" комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан да қатысқан.
Прокурор Мұқанов өз сөзінде наразылық кезінде 3500-ден аса адам ұсталғанын, олардың 87-сіне қылмыстық іс қозғалғанын, бүгінге дейін 87 адамның қылмыстық істен босатылғанын жеткізген. Қамауда жатқан 77 адамның тергелетінін, қылмысқа қатысы жоқтар босатылатынын мәлімдеген.
Қамауда баласы жатқан ата-аналардың кейбірі азаптау туралы шағымданған, балаларының кінәсіз екенін айтып, араша сұрағандар болған.
"Аманат" комиссиясы Сәуле ықшам ауданындағы 167/11 түзеу мекемесіне 8 ақпанда кіріп, күдіктілермен жолығатынын жеткізген.
Жиналыстан көңілі күпті болып шыққан кей ата-аналар сыртқа шығып та балаларының суретін ұстап тұрып, оларды босатуды талап етті.
- Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кемі 227 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтқан.
- Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті ретінде ұсталып, қамалған азаматтардың туыстарынан тергеу кезінде ұрып-соғып, кейбірін тірі әкетіп, өлі қайтарғаны туралы арыз-шағым көбейген. Қоғам өкілдері, жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін азаматтарды азаптауды дереу доғаруға үндеген.
- Осыған дейін Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан жүзден астам шағым түскен.
- Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.
ПІКІРЛЕР