Accessibility links

Мәскеу сапарында Тоқаев "террористер" туралы тағы сөз етті, Путин қиын күнде Қазақстанға "иығын тосқанын" айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 10 ақпан, 2022 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 10 ақпан, 2022 жыл

Ресей президенті Владимир Путин қаңтар оқиғасы кезінде Мәскеу көршілес Қазақстанға "иығын тосты" деп мәлімдеді. Ол бұл сөзін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде айтты. Өткен айда Ресей үстемдік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) "сырттан агрессия болды" деп көмек сұраған Тоқаевтың өтінішімен Қазақстанға 2 мыңнан астам әскерін жіберген.

Мәскеуде Тоқаевпен кездесу кезінде Путин Қазақстан басшылығының "сырттан шабуыл жасалды" деген ұстанымын қолдай сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстан "ел ішіндегі жағдайды өз мақсатына пайдаланған әлдебір халықаралық банданың құрбаны" болған. Путинмен әңгіме кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы оқиғаларды "халықаралық террористер мен бандиттердің мұқият дайындалған операциясы" деп санайтынын тағы қайталады. Қазақстан басшысының айтуынша, олардың мақсаты – елдің "конституциялық құрылымын бұзып, мемлекеттік төңкеріс жасау" болған. Билік террористердің болғаны және олардың шетелден келгені туралы мәлімдемелерді дәлелдейтін салмақты дерек келтірген жоқ. Бірде-бір террористік ұйым Қазақстанда болған оқиғалар үшін жауапкершілік алған жоқ.

Осы оқиға кезінде Ресейдің және ҰҚШҰ ұйымына мүше Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстанның әскері Қазақстанға келіп, екі аптаның ішінде қайта шығып кеткен. Тоқаев ҰҚШҰ әскері қарулы операцияға араласпағанын, тек "стратегиялық нысандарды қорғанын" айтқан.

Сарапшылардың айтуынша, ҰҚШҰ әскері Қазақстанға кірген соң Ресейдің аймақтағы позициясы нығая түсті. Ақорданың хабарлауынша, бейсенбіде Тоқаевпен кездесу кезінде Путин екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға ниетті екенін айтқан.

Соңғы уақытта Қазақстан президенті Ресей туралы сөз еткенде "одақтас мемлекет" деген тіркесті жиі қолданып жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар барысында "маңызды келісімдерге қол қойылатынын" айтты. Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар кезінде "білім, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы саласында мамандар даярлау бойынша" құжаттарға қол қойылған. Соның ішінде Қазақстанның ұлттық теміржол компаниясы мен Ресейдің электровоз өндірушісі арасындағы келісімге, "цифрландыру саласында тәжірибе алмасу", "атомды бейбіт мақсатта игеру мамандарын даярлау бойынша" ресейлік және қазақстандық құрылымдар арасында "өзара түсіністік туралы меморандумға", сондай-ақ Қазақстан студенттерін Ресей оқу орындарында мемлекет есебінен оқытуға бағытталған құжаттарға қол қойылды.

30 жыл бұрын тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан әлі күнге Кремльдің ықпалында қалып отыр. Нұр-Сұлтан Мәскеу үстемдік ететін екі ұйым - ҰҚШҰ мен Еуразия экономикалық одағына мүше. Ресей Қазақстанды ықпал ету аймағы ғана емес, өз тауарларын сату нарығы ретінде де қарастырады. Екі ел арасындағы 7,5 мың километрге созылған шекара – дүниежүзіндегі құрлықтағы ең ұзын шекара саналады.

Қазақстанда қаңтардың басында әлеуметтік мәселелерден басталған наразылық саяси талап қойған бүкілхалықтық көтеріліске ұласып, соңынан бірнеше қалада қантөгіс болды. Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент тәрізді біраз қалада ғимараттар қирап, көліктер өртеніп, оқ атылды.

Алдымен билік көшеге шыққан азаматтарды демонстранттар деп атаған, кейін тәртіпсіздік басталған соң риторика бірден өзгеріп, митингілерге қатысушылар "террористер" деп атала бастады. "Террористер" туралы ойын Тоқаев ең алғаш 6 қаңтарға қараған түні Қауіпсіздік кеңесі оперативтік штабының отырысында айтты. ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұраған президент күш органдарына "ескертусіз оқ атып өлтіруге" бұйрық бергенін мәлімдеді. Тоқаевтың бұл шешімдері ел ішінде де, шетелде де көп сынға ұшырады. Ресми дерек бойынша оқиғадан 227 адам қаза тапқан.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз сарапшылар тобы Қазақстанда "демонстранттарға қарсы шектен тыс күш, соның ішінде атыс қаруы қолданылғанын" сынға алды және ел билігі "террористер" деген сөзді орынсыз қолданады деген пікір айтты. БҰҰ сарапшылары және Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы наразылық акциясына қатысқандарға күш қолданған оқиғаларды мұқият тексеруге шақырды.

Бұл – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар көтерілісінен кейінгі шетелге екінші сапары. Мұның алдында ол Пекинге барып, қысқы олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан әрі Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездескен. Тоқаев "елдегі жағдайды тұрақтандыру ісіне достық ниетпен үлкен қолдау көрсеткені үшін" Қытай басшысына алғыс айтқан. Ресей сияқты Қытай да Тоқаевтың "террористер" туралы сөзін қолдайды және аймақтағы террормен күреске шақыра отырып, ынтымақтастықты арттыру үшін осы дискурсты пайдаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG